Израильде көшеде адамдар көп шоғырланған кезде бетперде кию қайтадан міндетті болды
Жапонияда коронавирусқа шалдығу көрсеткішінің антирекорды жалғасуда. Қазақстанда Covid-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия әлемдегі жағдайға қатысты ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Израильде көшеде адамдар көп шоғырланған кезде бетперде кию қайтадан міндетті болды. Сонымен қатар 20 тамыздан бастап мекемелерге кіруге және қатысушылар санына қарамастан іс-шараларға тек вакциналанған, ауырып жазылған немесе коронавирусқа теріс тест нәтижесі бар адамдарға қатысуға рұқсат етіледі. Малайзия Премьер-министрі вакциналанған тұрғындарға шектеулер ішінара алынып тасталатынын жариялады.
10 тамыздан бастап пандемияға байланысты қолайлы жағдай қалыптасқан штаттар мен қалаларда ішкі туризмге рұқсат етіледі, кафелер, мейрамханалар келушілерді қабылдай алады, спортпен шұғылдануға да рұқсат етіледі. Жапония төртінші күн қатарынан коронавирусты жұқтырудың күнделікті көрсеткіші бойынша антирекордты жаңартуда: елде инфекцияның 15 753 жаңа жағдайы анықталды. Сонымен қатар Иранда бір күнде коронавируспен ауыратындардың ең көп саны анықталды – 39 619 жағдай.