Сәуірде 81,5 мың алматылықты коронавирусқа қарсы вакцинациялау жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, «Спутник V» вакцинасының алғашқы траншы қалаға ақпан айында жеткізілді.
«Спутник V» вакцинасының біріншісі 1750 дозасы ақпанда алынып, екі компонент те 100 пайызға игерілді. Екіншісі наурызда 10 800 доза көлемінде болды. Бірінші компонент 100 пайызға игерілді, ревакцинация басталды. Үшінші 3200 доза наурызда келді. Бірінші компонент 100 пайызға игерілді, ревакцинация үшін екінші компонентті күтіп отырмыз. Сәуірде 81 500 доза жеткізілуі тиіс. Яғни сәуірде 81 500 алматылық «Спутник V» вакцинасын салдырады» – деп хабарлады басқармадан.
Сонымен қатар, басқармадағылар мамыр айында вакцинаның 65 200 дозасын жеткізу жоспарда екенін атап өтті. Бірақ бұл алдын ала деректер, өйткені денсаулық сақтау министрлігі Алматыға жеткізілетін вакцинаны көбейту мәселесін қарастырып жатыр.