Қазіргі уақытта COVID-19-бен күресуге 8500 медицина қызметкері қатысуда
Бүгінде Алматыдағы ағымдағы эпидемиологиялық ахуалға арналған онлайн-баспасөз конференциясында қала әкімі денсаулық сақтау жүйесінің коронавирус инфекциясының үшінші толқынына дайындық туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Журналистердің сұрақтарына жауап берген Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өткен жылы денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайту бойынша шаралар қабылданғанын айтты.
Бүгінде қалада 3 эшелонға бөлінген 7 мың инфекциялық төсек-орын бар, оның ішінде – 5 мың кереует. Олардың жүктемесі 54%-ды құрайды. Қазіргі кезде инфекциялық стационарларда 2945 адам (109 бала) емделуде, олардың 52-нің жағдайы өте ауыр, 531-нің жағдайы ауыр, 2362-нің жағдайы орташа ауыр. 10 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған. Инвазивті емес аппаратта – 55, HighFlo бойынша - 62 науқас.
Стационарларда 420 жансақтау орны бар, олардың жүктемесі 34%-ды құрайды (152 науқас).
Мегаполистің төрт мыңға жуық пациенті амбулаториялық емделуде. Осы уақыт аралығында үйдегі науқастарға 409 мобильді топ пен телемедицина орталығы емдеу бойынша көмек көрсетті.
Қазіргі уақытта COVID-19-бен күресуге 8500 медицина қызметкері қатысуда. Резервте 2 758 медициналық маман бар. Алматыда 25 ПТР зертханасы бар, олардың барлығы жұмыс күндері де, демалыс күндері де қабылдауға дайын. Барлық зертханалардың тәуліктік қуаттылығы - 14 500 сынақ, бірақ оларды 24000-ға дейін көбейту мүмкіндігі бар.
Алматы әкімі бетперде режимі мен әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтау керектігін еске салды. Сондай-ақ, қала тұрғындарын адамдардан көп шоғырланған жерлерге барудан бас тартуға шақырды. Негізгі міндет – коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату.