Елімізге ұшып келген 34 жолаушыдан коронавирус анықталды

25.10.2020 17:00

Бұл туралы Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов мәлім етті

Фото: ашық дереккөзден

Биылғы 6 – 25 қазан аралығында халықаралық әуе рейстерімен Қазақстанға келген 34 жолаушыдан коронавирус анықталды. Бұл туралы Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

С.Байғабыловтың ақпаратына сәйкес, 25 қазан күні түнде елімізге 11 халықаралық авиарейс ұшып келген. Барлығы 1483 жолаушының 1228-інде коронавирусқа тапсырған анализдерінің анықтамалары болған, Қазақстанның 255 азаматында ондай анықтама болған жоқ. 

11 авиарейс орындалды: 

- төртеуі Нұр-Сұлтан қаласына, барлығы 434 жолаушы, оның 350-інде анықтама – бар, 84-інде – жоқ; 

- алтауы Алматы қаласына, барлығы 939 жолаушы, оның 778-інде анықтама – бар, 161-інде – жоқ; 

- біреуі Шымкент қаласына, 110 жолаушы, 100-інде анықтама – бар, 10-ында – жоқ. 

«Анықтамасыз үшып келген Қазақстан азаматтары ПТР-анализ тапсыру үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы карантиндік стационарларға жатқызылды. Жолаушылар Түркия, БАӘ, Украина және Беларусьтен келген. Биылғы 6 қазаннан бастап ПТР анықтамасыз келген халықаралық рейстердің 34 жолаушысы Қазақстанға коронавирус алып келді: Шымкент – 2, Нұр-Сұлтан – 4, Алматы – 28»,– деді С.Байғабылов.