Коронавирус жұқтырғандардың ең көбі АҚШ-та тіркелді
АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университеті дүние жүзі бойынша пандемия басынан бері коронавирус жұқтыру жағдайының рекордтық көрсеткішін тіркеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Джонс Хопкинс университетінің жариялаған дерегіне сәйкес, 15 қыркүйекте дүние жүзі бойынша 368 мың адам коронавирус жұқтырған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұған дейінші рекорды 13 қыркүйекте тіркеліп, 307 930 жағдай болған.
16 қыркүйектегі жағдай бойынша әлемде 29 664 114 адам COVID-19 жұқтырды, 20 146 388 науқас жазылды, 937 111 адам қайтыс болды. Мұндай деректі Джонс Хопкинс университеті келтірді. ДДҰ мен Worldometers сайты да осындай дерек көрсетті.
Коронавирус жұқтырғандардың ең көбі АҚШ-та (6 607 955), Үндістанда (5 020 359), Бразилияда (4 382 263), Ресейде (1 075 485) және Перуде (738 020) тіркелген.
Сондай-ақ Еуропаның бірқатар елінде соңғы тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейіп, рекорд көрсетіп жатыр: Испания (+11 193), Франция (+9 784), Ұлыбритания (+3 997), Израиль (+4 950), Украина (+2 958), Чехия (+1,290) және тағы басқа елдер.