Елімізде қауіпті індетке байланысты дезинфекциялау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы мақсатта Алматыдағы қоғамдық көліктер жаппай залалсыздандырылуда. Өйткені, автобус қала тұрғындары үшін негізгі транспорт. Жұрттың басым бөлігі жұмысқа, үйіне көліктің осы түрімен қатынайды. Демек, олардың түрлі инфекция мен вирустан таза болуы маңызды. Автобустарға жасалып жатқан химиялық дәрілердің адам ағзасына зияны жоқ па?
Автопарктегі қоғамдық көліктер салоны хлор ертіндісімен залалсыздандырылуда. Бұрын мұндай шара ауысымның алдында, сосын кешкісін жолаушы аяғы сейілгенде жүргізілетін. Ал, қазір күнделікті тазалануда.
Автобустың сырты қарапайым тәсілмен тазаланса, іші хлоры бар химиялық қоспамен дезинфекциялып жатыр. Әсіресе, жолаушылар ұстап тұратын тұтқа, орындықтың арқалығы, есік, терезелерді сүртуге баса назар аударылуда. Қауіпсіздік шарасы короновируспен қатар өзге де жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында қолға алынып отыр. Мамандардың айтуынша, дәрілік қоспалардың адам ағзасына ешқандай зияны жоқ.
Алматы қаласындағы бір ғана «Восток» атты автопаркінде 191 автобус бар. Олар күніне қаладағы шамамен 90 мыңнан астам жолаушыны тасымалдайды. Ал, парк басшысы дезинфекция жасайтын дәрілік заттар мен құралдар 1 айға дейін жеткілікті қор бар екенін айтады.
«Күнделікті коронавирусқа қарсы дезинфекциялық жұмыстар жүріп жатыр. Күндіз соңғы аялдамада коронавирусқа қарсы біздің шопырларымыз өздері хлормен автобустың ішін жуып шығады. Дәрі-дәрмегі де, хлоры да бар, бәрімен өзіміз қамтамасыз етіп жатырмыз. 1-2 айға сатып алынған, барлығы жеткілікті», – деді автопарк директоры Ербол БЕКБЕРГЕНОВ.
Бұдан бөлек, әр автобус ішіне осындай парақшалар ілініп жатыр. Мұнда жолаушыларға қауіпсіздіктен қалай сақтану жолдары көрсетілген. Ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрғындардың өзіне жеке-жеке де айтылатын болады.
«Дезинфекция жұмыстарына химиялық әсері бар хлор пайдаланып жатырмыз. Қоспаның әсерін әдеттегіден аздап күшейттік. Десе де ол жолаушыларға қатер төндірмейді. Яғни қауіпсіздіктің 4-санатына жатады. Ал тазалау жұмыстары толық аяқталған соң есіктер ашылып желдетіледі», – деді дезинфекционист Владислав ЛАБОВИКОВ.
Автобустардың ішін тазалау жұмыстарына көлік жүргізушілердің өздері де міндеттелмек. Олар таң ертең және әр айналым сайын есік тұтқаларын тазартып тұруға тиіс. Тұрғындарға ескерте кететін жайт, автобустардың аралық интервалдары әдеттегіден аздаған уақытқа кешігіп жүруі мүмкін.
Ұлағат АРҒЫН, «Алматы» телеарнасы