Соңғы 14 күнде 20-39 жастағы азаматтар арасында сырқаттану 35 пайызды, 40-59 жас аралығында 33 пайызды құрайды
Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында 2021 жылғы 7 қаңтардағы жағдай бойынша Алматы қаласындағы КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай қауырт күйде қалып отырғанын хабарлады. Осыған байланысты ол қала тұрғындарын санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ж.Бекшин атап өткендей, Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдайды шектеу шараларын бақылауды күшейту матрицасында бағалау сары аймақта болуын жалғастыруда. Алматы қаласында індеттің екінші толқынының дамуы қазан айында басталды, 3 айда КВИ жағдайларын тіркеу 14 есе өсті. Қаңтар айының 7 күнінде КВИ-дің 700-ден астам жағдайы тіркелді, қаңтар айына болжам қолайсыз және 4500-ге дейін жағдайды құрайды.
Соңғы 14 күнде 20-39 жастағы азаматтар арасында сырқаттану 35 пайызды, 40-59 жас аралығында 33 пайызды құрайды, бұл шектеу шараларының бұзылуымен және корпоративтік кештерді өткізумен, сауда объектілеріне барумен байланысты.
«Ауруды жұқтыруды төмендету үшін әлі де адамдар көп жиналатын орындарға барудан бас тартуды сұраймыз. Сонымен қатар, вирустың таралуын тоқтату үшін ашық ауада маска тағу, арақашықтықты қатаң сақтаңыздар. Коронавирустық инфекциямен ауырған науқастармен және жұмыс орны бойынша байланыста болған адамдар үйде қалып, тегін негізде тексеру үшін телефон арқылы емханаға хабарласуы керек. Алматы қаласының азаматтары мен қонақтарына ЖРВИ белгілері пайда болған кезде дәрігердің үйіне шақыртуды, зейнеткерлерге аса қажеттіліксіз тұрғын үйлерден шықпауды ұсынамыз», – деді Ж.Бекшин алматылықтарға.