Ал, Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустан көз жұмған 1950 жылы туған азамат 11 сәуір күні жедел жәрдем қызметі арқылы провизорлық ауруханаға ауыр халде жеткізілген екен, деп хабарлайды Almaty.tv
Мұны қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова айтты. Науқастың бойында бірнеше сырқаттың болуына байланысты соңы қайғылы оқиғамен аяқталған. Онымен жақын байланыста болғандар тексеріліп, үй карантиніне жатқызылды. Жалпы қазіргі таңда елордада 363 науқас ем қабылдап жатыр.
«12 науқастың жағдайы ауыр халде. Оның төртеуі жасанды желдету аппаратына қосылған. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Басқа науқастардың жағдайы қалыпты», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле КИСИКОВА.
Брифингте белгілі болғандай, елордада эпидемиологиялық кезеңде 23 нысан карантинге жабылған. Бүгінде оның 10-ы ғана карантин режимінде қалып отыр. Вирустың 267 ошағына дезинфекциялық жұмыстар жүргізілген. Бұл науқастардың тұрғылықты жерлері мен жұмыс орындары. Елорда бойынша коронавирус инфекциясына 17 500-дей зертханалық зерттеу жүргізіліпті. Ал 4 700-ден астам адам жедел тестілеуден өткен. Оның 61 жағдайында вирус анықталған.