Алматыда төтенше жағдай кезінде бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағасын асыра көтеріп сату деректерін анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Прокуратура, қалалық әкімдік, Полиция департаменті, Алматы қаласының мемлекеттік кірістер және экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерінен құрылған мобилді топ бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағасын асыра көтеріп сату (алыпсатарлық) деректерінің, сондай-ақ, төтенше жағдай мен карантин жағдайындағы заңбұзушылықтардың жолын кесу жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда», – делінген Алматы қаласы прокуратурасының хабарламасында.
Ешқандай кәсіпкерлікпен айналысу құжаттарынсыз медициналық маскалардың бағасын асыра көтеріп сатудың 9 дерегі анықталды. Алыпсатарлар қолынан 4 млн-нан астам медициналық маска тәркіленіп, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына (Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне – 2 млн дана, Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментіне – 2,1 млн дана) берілді.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.