Бүгінде инфекциялық стационарлардың жүктемесі азайды, қазір 1261 адам ауруханада жатыр
Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген онлайн-брифинг барысында қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нариман Табынбаев COVID-19 статистикасын жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда пандемия басталғалы бері коронавируспен ауырған 19 138 адам тіркелген. Соңғы тәулікте 105 адамның ауырғаны анықталды. Аурудан айыққандар саны – 17 638 адам, бұл ауырған адамдардың 92 пайызын құрайды.
Н. Табынбаев коронавируспен күресте уақытылы қабылданған шешімдер өз нәтижесін бергенін айтты. Бүгінде инфекциялық стационарлардың жүктемесі азайған, қазір 1261 адам ауруханада жатыр, ал 5145 төсек резервте тұр. Қазіргі уақытта тәулігіне орта есеппен 40-50 адам ауруханаға жатқызылады.
Пандемия кезеңінде коронавирустан қайтыс болғандардың жалпы саны – 389 адам, өлім-жітім көрсеткіші 1 000 адамға шаққанда 0,2%-ды құрады. Алматы қаласы өлім-жітім бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Батыс, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан кейін бесінші тізімде. Қайтыс болғандардың орташа жасы – 60-80 жас аралығындағы адамдар.
Нариман Табынбаев коронавирус инфекциясын дұрыс емдемесе, ол асқынып өлімге соқтыруы мүмкін екендігін ескертті. Сол себепті ол азаматардан қоғамдық орындарға себепсіз бармауды сұрады.
«Қала тұрғындардан үйден сирек шығуды, адамдар көп жиналатын орындарға бармауды, өзін-өзі емдемеумен айналыспауды және аурудың алғашқы белгілері болған кезде медициналық көмекке жүгінуді сұраймын» – деді.