|
02.04.2020 | 12:37
13960

ҚР Бас санитарлық дәрігері халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар енгізді-қаулының толық мәтіні

Қаулы 2020 жылғы 2 сәуірде сағат 00:00 бастап күшіне енеді

ҚР Бас санитарлық дәрігері халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар енгізді-қаулының толық мәтіні Sputnik Казахстан

«ҚР-да төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Қазақстан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы қаулысының толық ұсынады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстан Республикасының халқы арасында COVID-19 коронавирустық инфекцияның (бұдан әрі – COVID-19) таралуының алдын алу мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

І.  Елге кіретін жердегі шектеу іс-шаралары

1. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары:

1) Қазақстан Республикасының үкіметтік делегацияларын, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына келетін шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың ресми делегацияларының мүшелерін; Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлерін және және олардың отбасы мүшелерін; авиакомпаниялар ұшқыштарын және локомотив бригадаларының мүшелерін, теміржол көлігіндегі тасымалдау қызметімен байланысты адамдарды және жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілерді, сондай-ақ ЕАЭО елдерінен және Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол көлігінде және автоөтпе жолдарында өткізу пункттері арқылы келген адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасына шетелден келетін барлық адамдарды COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін карантиндік стационарда 2 тәулікке оқшаулауды қамтамасыз етсін.

COVID-19  ауруын жоққа шығармайтын белгілері бар адамдар карантиндік стационарға емес,  провизорлық стационарға жатқызылады.

COVID-19-ға зертханалық тексеру нәтижелерін алғаннан кейін оң нәтижелі адамдар емдеу үшін инфекциялық стационарға ауыстырылады, COVID – 19-ға теріс нәтижелі адамдар 12 тәулік бойы үйде (үй карантині) оқшауланады. Үйде оқшаулау үшін жағдай болмаған кезде жергілікті атқарушы органдар айқындаған үй-жайларда оқшаулау ұсынылады;  

2) Қазақстан Республикасына шетелден келген Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері олардың отбасы мүшелері COVID-19-ға зертханалық тексеруге және 14 тәулік бойы үйде өзін-өзі оқшаулауға (үй карантині) жатады.

Шетелден келген авиакомпаниялардың ұшқыштары мен локомотив бригадаларының мүшелері, теміржол көлігінде тасымалдау қызметімен байланысты  адамдар және жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер қоңырау шалу арқылы (мүмкіндігінше видео қоңырау шалу) тұрғылықты (келген) жері бойынша медициналық бақылауға жатады.

ЕАЭО елдерінен және Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол көлігінде және автоөтпе жолдарында өткізу пункттері арқылы келген адамдар 14 тәулік бойы үйде (үй карантині) оқшаулауға жатады

3) тиісті аумақтың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері өңірдегі және әлемдегі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, шет елдерден келген жолаушыларды карантиндеу туралы шешім қабылдауға құқылы.

2. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің көліктегі департаменті, аумақтық департаменттері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттеріндегі мемлекеттік кірістер органдарының құрылымдық бөлімшелері:

1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы барлық өткізу пункттерінде шетелден келген барлық адамдарға (оның ішінде ұшқыштар, бортсеріктер, машинистер, жолсеріктер, жүргізушілер, тасымалдаушылар және басқалар) міндетті термометрия жүргізу арқылы санитариялық-карантиндік бақылау жүргізуді;

2) халықаралық әуежайлардағы, теміржол көлігіндегі және автоөтпе жолдарындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде жолаушыларға, экипаж мүшелеріне, бортсеріктерге, машинистерге және жолсеріктерге сауалнама жүргізуді;

3) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес рейс келгеннен кейін екі сағат ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Веб-қосымшасына деректерді бере отырып, сауалнамаларды тану жүйесінің деректерін өңдеуді;

4) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттеріндегі санитариялық-карантиндік пункттердің мамандарын тәулік бойы жұмыс режимін ескере отырып, жеке қорғаныш құралдарымен (бұдан әрі – ЖҚҚ)  және дезинфекциялау құралдарымен жарақтауды;

5) көліктік бақылау бекеттерінде тасымалдаушылар мен жолаушылар арасында COVID-19-дың профилактикасы және таралуының алдын алу бойынша санитариялық-ағарту және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді;  

6) COVID-19-дың таралуының алдын алу жөніндегі көрнекі үгіт парақтарын орналастыруды ұйымдастыруды, сондай-ақ COVID-19 профилактикасы мәселелері бойынша дауысзорайтқыш байланысы арқылы жолаушыларды ақпараттандыруды;

7) COVID-19-дың әкеліну және әлемде таралу қаупінің жағдайларында Қазақстаннан шығатын Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына және шетелден келетін барлық азаматтарға оның профилактикасы мәселелері бойынша жадынамалар таратуды;

8) COVID-19-дың профилактикасы мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізуді;

9) Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінің қызметкерлеріне COVID-19-дың таралуының профилактикасы мәселелері бойынша нұсқама жүргізуді қамтамасыз етсін.


ІІ. Республика аумағындағы шектеу іс-шаралары

3. Орталық мемлекеттік органдар,  құқық қорғау және арнайы органдар, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері:

1) денсаулық сақтау ұйымдарында, жедел медициналық жәрдем машиналарында, жергілікті атқарушы органдар карантин үшін айқындаған үй-жайларда, сондай-ақ медицина қызметкерлері үйде медициналық көмек көрсету, ошақта эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізу, науқастардан және байланыста болған адамдардан сұрау және сауалнама алу кезінде аудио, фото және бейне түсірілім жүргізуге тыйым салуды;

2) көпшілік іс-шараларын (мерекелік, спорттық-көпшілік, ойын-сауық мәдени-көпшілік іс-шараларды, конференциялар, семинарлар, көрмелер және т. б.) өткізуге тыйым салуды;

3) Токио-2020 Олимпиада және Параолимпиада ойындарына ұлттық құрама командаларды дайындау үшін оларды пайдалану кезеңінде ғана Ұлттық олимпиада комитетінде аккредиттелген спорттық базаларды қоспағанда, кинотеатрлар, түнгі клубтар, фитнес, тренажер залдары (орталықтары), сауда-ойын-сауық орталықтары жанындағы балалардың ойын алаңдары, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары (дамыту, білім беру орталықтары, үйірмелер, факультативтер және т.б.), компьютер клубтары, спорт кешендерінің (үйірмелер, секциялар) қызметін тоқтата тұруды;

4) медициналық көрсетілімдер бойынша сапарды қоспағанда, COVID-19 бойынша қолайсыз елдерге халықаралық спорттық, мәдени, туристік  іс-шараларға шығуға тыйым салуды. Азаматтарға шетелге емделуге шығуға екі адамнан артық емес адам еріп жүргенде мынадай құжаттар болған жағдайда рұқсат беріледі:

- диагнозды және емдеудің шұғылдығын растау үшін аумақтық амбулаториялық-емханалық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген 035-1/е нысанға сәйкес қорытындысы;

- аудармасы нотариалдық куәландырылған шетелдік медициналық ұйымның емдеуге шақыру хаты.

5) медициналық көрсетілімдер бойынша шығатын және келетін адамдарды, сондай-ақ карантин енгізілген кезеңде стационарларда емдеуде және карантиндік және провизорлық стационарларда бақылауда болған адамдардың шығуын қоспағанда, карантин жарияланған өңірлер/қалалар аумағынан шығуға және оларға кіруге тыйым салуды. Медициналық  көрсетілімдер бойынша екі адамнан артық емес адам еріп жүргенде карантин жарияланған өңірлер/қалалар аумағына азаматтардың келуіне және олардан шығуына мынадай құжаттар болған жағдайда рұқсат беріледі:

- диагнозды және емдеудің шұғылдығын растау үшін аумақтық амбулаториялық-емханалық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген 035-1/е нысанға сәйкес қорытындысы;

- бірінші басшы қол қойған және гербті мөрмен расталған диагнозы көрсетілген және шұғылдығын растайтын карантиндік аймақта орналасқан медициналық ұйымнан шақыру хаты;

6) қоғамдық тамақтану объектілерінде кальяндарды пайдалануға тыйым салуды;

7) медициналық ұйымдарда, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік объектілерде, сәбилер үйлерінде, балалар үйлерінде, әлеуметтік оңалту орталықтарда, мүгедек балаларға арналған, интернат типіндегі оқу орындарында карантинді және санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтауды;

8) адамдар көп жиналатын объектілерде және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету (сауда-ойын-сауық орталықтары, базарлар, ХҚКО, моншалар, діни мақсаттағы, коммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану объектілері, вокзалдар, әуежайлар, қызмет көрсету салалары (сұлулық салондары, ателье және басқалары)) объектілерінде күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді (қолды өңдеу үшін санитайзерлерді орнату, күніне екі реттен сиретпей беттерді өңдеу, дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып ылғалды тазалау, желдету);

9) әрбір рейстің алдында қоғамдық көлікті, әуежайларды, теміржол және автовокзалдарды, супермаркеттерді, базарларды, қоғамдық көлік аялдамаларын (күніне кемінде екі рет), жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өтпелерінің таяныштарын, спорттық снарядтарды, балалар және спорт алаңдарын, орындықтар мен сәкілерді, банкоматтарды, банк терминалдарын, POS-терминалдарды жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып өңдеуді. Өңдеу осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес жүргізілсін;

10) қоғамдық жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін, тротуарларды, саябақтарды, скверлерді, алаңдарды, теміржол және автовокзалдарға іргелес аумақтарды, автомобиль жолдарын және базарлардың аумақтарын жуу құралдарын қолдана отырып өңдеуді;

11) көкөністер мен жемістерді қоспағанда, тамақ өнімдерін өлшеп-оралған түрде өткізуді;

12) сауда, қоғамдық тамақтану объектілерінде халыққа ауысымында және бүтіндігі бұзылған кезде кемінде екі рет ауыстыруға жататын бір рет қолданылатын қолғаптармен (сатушылар, аспаздар, даяшылар, кассирлер және тамақ өнімдерімен тікелей жанасатын басқа да адамдар) қызмет көрсетуді;

13) ірі сауда объектілері аумағында орналасқан фуд-корттардағы үстелдер арасында кемінде 2 метр арақашықтықтың сақталуын;

14) COVID-19-дың клиникалық белгілері бойынша ұқсас вирустық инфекция белгілері бар науқастарды (және күдікті адамдарды) белсенді эпидемиологиялық қадағалауды, анықтауды және оқшаулауды;

15) іс-әрекеті COVID-19-ға күдікті науқастарды қараумен, тасымалдаумен, ошақтағы жұмыспен, емдеуге жатқызумен, емдеумен және оларға қызмет көрсетумен байланысты медицина қызметкерлерінің және персоналдың қорғаныш дәрежесі жоғары маскаларды немесе респираторларды пайдалануын;

16) Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелерінің, денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары үшін COVID-19-дың эпидемиологиясы, клиникалық белгілері, диагностикасы  мәселелері бойынша семинарлар ұйымдастыруды және өткізуді;

17) І-ІІ типті қорғаныш костюмдерін және жеке қорғаныш құралдарын көрсете отырып, COVID-19 кезіндегі эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу бойынша өңірдің медициналық ұйымдарының барлық қызметкерлерін толық қамти отырып, нұсқама жүргізуді;

18) турларды ұйымдастырушылар (туристік фирмалардың мамандары) мен саяхатшылар (медициналық, жеке және бизнес туризмі) арасында                   COVID-19-дың таралуының профилактикасы және алдын алу бойынша нұсқама және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді;

19) COVID-19-дың профилактикасы мәселелері бойынша халықты үнемі ақпараттандыруды, халық арасында үрейленудің алдын алу жөнінде шаралар қабылдауды және орындалуын бақылауды;

20) жеке өңірде төтенше жағдай (ТЖ) жарияланған кезде осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес блок бекеттерінде  санитариялық-карантиндік бақылауды ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.

4. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп:

1) 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 5 сәуір аралығында орта білім беру ұйымдарын  каникулға  шығаруды;

2)  білім беру ұйымдарын қашықтықтан оқытуға (техникалық мүмкіндік болған жағдайда барынша көшіруді қамтамасыз етуді), оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтықтан жүргізуге көшіруді;

3) білім беру және тәрбиелеу ұйымдарында санитариялық-дезинфекциялық режимді (желдету, ауысымда кемінде үш рет ылғалды жинау, дезинфекциялау) сақтауды;

4) балалардың мектепке дейінгі мекемелерінде үй-жайларды кварцтауды;

5) мектепке дейінгі балалар мекемелерінде таңертеңгі сүзгі (балаларды топқа қабылдау кезінде қарау) өткізуді;

6) каникул және төтенше жағдайдың қолданылуы кезінде оқушылардың экскурсиясына тыйым салуды қамтамасыз етсін.

5. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі халықаралық жолаушылар қатынастарын шектеуді қамтамасыз етсін.

6. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі:

1) COVID-19  бойынша байланыста болған адамдарды карантиндеу және провизорлық емдеуге жатқызу орындарын күзетуді;

2) COVID-19 бойынша байланыста болған адамдарды іздестіру және карантинге орналастыру  бойынша шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

7. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп халық арасында COVID-19-дың таралуының профилактикасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жандандырсын.


ІІІ. Инфекция ошақтарын шоғырландыру бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу

8. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері:

1) COVID-19  ауруын жоққа шығармайтын симптомдары бар науқастар үшін қосымша провизорлық стационарларды ашуды;

2) осы қаулыға 5-қосымшаға сәйкес нұсқаулықты сақтай отырып,      COVID-19-ды жұқтырудың жоғары қаупі болған адамдардың карантинін немесе COVID-19-бен ауыратын науқастармен немесе инфекция жұқтырған адамдармен  байланыста болған адамдарды тасымалдауды;

3) осы қаулыға 6-қосымшаға сәйкес COVID-19-бен ауыратын науқастармен немесе жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдарды оқшаулау үшін карантиндік стационарлар ашуды;

4)  карантиндік стационарларды медициналық емес мақсаттағы ұйымдарда (қонақ үйлер, жатақханалар, санаторийлер және т.б.) орналастыру кезінде карантин талаптарының сақталуын оларды жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді көздей отырып, тәулік бойы бақылау бекеттерін жеткілікті мөлшерде (медицина қызметкерлері арасынан емес) ұйымдастыруды;  

5) халықты COVID-19-дың таралуы бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдай және өңірде қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттандыруды;

6) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, реанимациялық жабдықтардың қажетті санын (ӨЖЖ аппараттары, перфузорлар, пульсоксиметрлер, кардиомониторлар) сатып алуды;

7) COVID-19-ға үлгілерді алуға және зертханалық зерттеулер жүргізуге арналған тест-жүйелердің, диагностикумдардың, шығыс материалдарының, дезинфекциялық препараттардың төмендетілмейтін қорын;

8) теміржол және автовокзалдарға, блок бекеттеріне кіретін жерде (елді мекен және перрон жағынан) температураны қашықтықтан өлшеуге арналған құралдармен;

9) 6 сәуірден бастап барлық орта білім беру ұйымдарын қашықтықтан оқытуға ауыстыруды;

10) 18 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан азаматтарға азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді жеткізуді қамтамасыз ете отырып, олардың көшеде жүріп-тұруын шектеуді;

11) шығарып салушы және қарсы алушы адамдар үшін әуежайлардың, теміржол және автовокзалдардың ғимараттарына кіруді шектеуді;

12) осы қаулыға 7-қосымшаға сәйкес Уақытша қағидаларға сәйкес тамақ жеткізуді жүзеге асыратын қоғамдық тамақтану ұйымдарының қызметін;

13) COVID-19 коронавирустық инфекциясынан қайтыс болған адамның мәйітін жерлеу осы қаулыға 8-қосымшаға сәйкес қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізуді қамтамасыз етсін.

9. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының басшылары:

1) эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып, COVID-19-бен ауыратын  науқастарды және COVID-19 ауруына күдікті адамдарды оқшаулау үшін инфекциялық стационарларда бөлек төсектер бөлуді;

2) эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып, COVID-19 жоққа шығармайтын клиникалық белгілері бар науқастарды оқшаулау үшін жекелеген провизорлық төсектерді (стационарларды) бөлуді;

3) барлық денсаулық сақтау  ұйымдарында COVID-19 жоққа шығармайтын клиникалық белгілері бар науқастарды анықтау жағдайына оқшаулау үшін, кқрсетілетін медициналық көмек ерекшелігін ескере отырып, бөлмелер бөлуді;

4) пациенттердің күнделікті ағымын (басқа да нозологиялық аурулар бойынша) COVID-19  ауруына күдікті пациенттермен қиылысуын болдырмай бөлуді;

5) босанатын әйелдер босандыру ұйымына, сондай-ақ соматикалық стационарларға COVID-19 ауруын жоққа шығармайтын клиникалық белгілері бар өмірлік көрсеткіштері бойынша шұғыл көмек көрсетуді қажет ететін пациенттер түскен кезде медициналық көмек жеке қорғаныш құралдарын пайдалана отырып, эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып, оқшауланған үй-жайда көрсетуді. Пациентте COVID-19 диагнозы расталған кезде медициналық көмек көрсетуге тартылған  персонал үй карантинінде оқшаулауға және COVID-19-ға зертханалық тексеруге жатады. Оң нәтиже болған жағдайда жұмыстан шеттетіледі және емдеуге жіберіледі, теріс нәтиже болған жағдайда өзінің лауазымдық міндеттерін орындауды жалғастырады және 14 күн бойы медициналық бақылауға (қоңырау шалу, мүмкіндік болса, бейне қоңырау шалу) жатады.

6) COVID-19 ауруын жоққа шығармайтын симптомдары бар науқастарды провизорлық стационарға емдеуге жатқызуды және медициналық тексеруді;

7) осы қаулының 10-тармақтың 5)-тармақшасына сәйкес ағдайлардан басқа COVID-19 науқастарда инфекциялық стационарда емделуін;

8) расталған COVID-19 диазнозы бар пациенттерді кемінде 14 күн болғаннан кейін және 24 сағат интервалмен ПТР әдісімен теріс екі рет тексеруден кейін шығаруды;

9) стационардан шыққаннан кейін 14 күн бойы үй карантинін және медициналық бақылауды (денсаулық жағдайын бақылау, масканы кию, жақсы желдеткіші бар немесе желдетілетін жеке бөлмеде тұру, отбасы мүшелерімен тығыз қарым-қатынасты болдырмау, жеке тамақтану, қол гигиенасын сақтау). Реконвалесценттерді медициналық бақылау тұрғылықты жері бойынша учаскелік дәрігер (дұрысы бейне қоңырау шалу арқылы қашықтықтан) жүзеге асырады;

10) осы қаулыға 9-қосымшаға сәйкес оқшаулау жағдайлары болған кезде COVID-19-бен ауыратын науқастармен жақын байланыста болған адамдардың үйдегі карантинін және қашықтықтан медициналық бақылауды;

11) үйде оқшаулау жағдайы болмаған жағдайда, COVID-19 науқастарымен байланыста болған адамдарды карантиндік стационарда оқшаулауды;

12) ықтимал байланыста болған қалған адамдарды қашықтықтан медициналық бақылауды (қоңырау шалу, мүмкін болған жағдайда бейне қоңырау шалу);

13) осы қаулыға 10-қосышаға сәйкес COVID-19-ға зертханалық тексеруді;

14) 11-қосымшаға сәйкес зертханалық тексеру үшін COVID-19 күдікті науқастардан материалды қауіпсіз іріктеуді ұйымдастыруды;

15) инфекциялық, карантиндік, провизорлық және басқа да стационарларда эпидемияға қарсы режим талаптарын сақтауды;

16) провизорлық, карантиндік және инфекциялық стационарларда әртүрлі рейстерден, үй ошақтарынан келген байланыста болған, жұмыс (оқу) орны бойынша байланыста болған адамдар ағымының қиылысуын болдырмауды;

17) қажет болған жағдайда уақытша еңбекке жарамсыздық парақтарын (еңбекке жарамсыздық парағы) үйде карантиндегі адамдар үшін медициналық ұйымдарға бармай ресімдеуді;

18) тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде пациенттерге үйге рецептерді онлайн-беруді немесе жеткізуді ұйымдастыруды;

19) МСАК дәрігерлерінің жоспарлы қабылдауын және амбулаториялық-емханалық ұйымдар дәрігерлерінің жоспарлы консультацияларын қашықтықтан қызмет көрсету форматына ауыстыруды;

20) қажет болған жағдайда жоспарлы медициналық көрсетілетін қызметтерді (жоспарлы ауруханаға жаткызу, профилактикалық тексеру, скринингтер, оңалту) тоқтатуды /шектеуді;

21) амбулаториялық-емханалық ұйымдардың кезек күттірмейтін медициналық көмек бригадаларының санын ұлғайтуды;

22)  денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19-бен ауыратын пациенттерді емдеу үшін қажетті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қажеттілігін;

23) стационарлық денсаулық сақтау ұйымдарында карантин енгізуді;

24) осы қаулыға 12-қосымшаға сәйкес медицина персоналының инфекциялық қауіпсіздігін;

25) мынадай:

босандыру ұйымдарында жаңа туған нәрестелерге (БЦЖ және ВВГ);

инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында тұратын және жұмыс істейтін тұрғындарға (көктемгі-жазғы кене энцефалиті, күйдіргі, туляремия, оба);

кез келген жануар тістеген немесе сілекейлеген адамдарға (құтыру);

тері жабыны мен сілемейлі қабықтарының бүтіндігі бұзылуы арқылы зақым, жарақат алған адамдарға (сіреспе);

эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция ошақтарында байланыста болған адамдарға жүргізілетін профилактикалық егулерді қоспағанда, ерекше өкімге дейін профилактикалық егулер жүргізуді тоқтата тұруды қамтамасыз етсін.

10. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің көліктегі департаментінің, аумақтық департаменттерінің басшылары:

1) осы қаулыға 5-қосымшаға сәйкес COVID-19-ды жұқтыру қаупі жоғары адамдар үшін карантин түрін тағайындау тәртібін орындауды;

2) байланыста болған адамдарды оқшаулаудың жүргізілуін,                               сондай-ақ карантин жағдайында эпидемияға қарсы режимнің сақталуын бақылауды;

3) осы қаулыға 9-қосымшаға сәйкес үй карантиніндегі байланыста болған адамдарды, сондай-ақ олармен бірге тұратын адамдарды үйде оқшаулау (үй карантині) қағидаларын сақтау қажеттілігі туралы қол қойғыза отырып, хабарлама беруді;

4) байланыста болған адамдар тобын анықтай отырып (жақын, ықтимал байланыста болған) СОVID-19-дың әр жағдайын эпидемиологиялық тергеп-тексеруді, үй карантинін ұйымдастыруға арналған талаптарға тұрғын үйдің сәйкестігін және эпидемияға қарсы іс-шаралар көлемін 24 сағат ішінде бағалауды, сондай-ақ осы қаулыға 13-қосымшаға сәйкес СОVID-19 расталған (ықтимал) диагнозы бар және байланыста болған адамдарға сауалнама жүргізуді;

5) COVID-19-дың әрбір жаңа жағдайы туралы ақпаратты «ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына зертханалық растауды алған сәттен бастап 12 сағат ішінде ұсынуды;

6) инфекциялық, провизорлық, соматикалық және карантиндік стационарларда және өзге де денсаулық сақтау ұйымдарында эпидемияға қарсы режимнің сақталуын бақылауды;

7) халықты COVID-19-дың таралуы бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдай және өңірлерде қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттандыруды;

8) Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтарының жалпы саны бойынша бөле отырып, COVID-19-бен сырқаттанушылық қолайсыз елдерден келген шетелдік азаматтарды бөлек есепке ала отырып, ҚР шекарасын кесіп өткен адамдар туралы күнделікті мониторингті және өткен тәулік ішіндегі ақпаратты ҚДСҰО-ға сағат 02-00-ге дейін беруді қамтамасыз етсін.

11. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің басшылары:

1) халықты сапасына кепілдік берілген ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдай отырып, сумен жабдықтау объектілерінің жұмысын бақылауды күшейтуді;

2) әкімшілік шаралар қабылдамай, халыққа берілетін судың сапасына санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті;

3) карантин режимінің сақталуын бақылау шеңберінде тамақ жеткізуді жүзеге асыратын азық-түлік дүкендері мен қоғамдық тамақтану ұйымдарын қадағалауды қамтамасыз етсін.

12. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің басшылары коронавирустық инфекцияны шоғырландыру  жөніндегі іс-шараларға көмек көрсетуге Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің білім және ғылым ұйымдарын (медициналық жоғары оқу орындары, медициналық колледждер, ұлттық, ғылыми орталықтар) тартсын.

13. «ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны:

1) әлемнің елдеріндегі COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тәулік бойғы мониторингін;

2) күн сайын сағат 19-00-ге дейін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне, денсаулық сақтау басқармаларына және облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттеріне санаттар бөлігінде COVID-19-бен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз елдердің тізбесін ұсынуды;

3) COVID-19 тіркелген елдердің тізбесін сайтта күн сайын орналастыруды;

4) Денсаулық сақтау министрлігіне және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің  сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне апта сайын жұма күні ҚР-дағы эпидемиологиялық жағдайдың дамуының жаңартылған болжамын, күн сайын әрбір 3 сағат сайын - COVID-19-бен ауыратын науқастармен байланыста болған адамдарды (жақын және ықтимал байланыс) анықтау және мониторингілеу бойынша ақпаратты ұсынуды;

5) ҚР шекарасынан өтетін адамдар санын, әрбір тіркелген жағдай туралы Денсаулық сақтау министрі мен Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне бір сағат ішінде хабарлай отырып, COVID-19 расталған жағдайларын және байланыста болған адамдарға мониторинг жүргізуді және мониторинг деректерін күн сайын кемінде 2 рет ұсынуды;

6) «шиеленіс ошағын» көрсете отырып, республика аумағындағы эпидемиологиялық жағдайды визуалдауды және байланыста болған адамдарды орналастыруды;

7) зертханалық зерттеулер алгоритміне сәйкес өткен айдағы оң үлгілердің 10%-ін және теріс үлгілердің 5%-ін қайта тестілеуден өткізуді;

8) халықаралық ұсынымдарға сәйкес (ДДҰ, CDC) COVID-19 диагностикасы әдістері бойынша ҰСО филиалының зертхана мамандарына әдіснамалық көмек көрсетуді;

9) 8(7172) 768043 нөмірі бойынша Call-орталықтың тәулік бойы жұмыс істеуін;

10) ДДҰ байланыс пункті арқылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен тұрақты өзара іс-қимылды (аптасына 7 күн 24 сағат) қамтамасыз етсін.

14. «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - ҰСО):

1) COVID-19-бен ауыратын науқастарды және байланыста болған адамдарды, сондай-ақ тиісті аумақтың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері айқындайтын өзге де адамдарды зертханалық тексеруді;

2) COVID-19  ошақтарын дезинфекциялық өңдеуді;

3) COVID-19-бен ауыратын науқастардан үлгілерді алуға арналған зертханалық шығыс материалдарының, шығыс материалдарының, тест-жүйелердің, полимеразды-тізбекті реакция, вирусологиялық зерттеулер, молекулярлық-генетикалық зерттеулер жүргізу үшін диагностикумдардың төмендемейтін қорын;

4) COVID-19-ға күдік туындаған жағдайда ДДҰ ұсынымдарына сәйкес COVID-19 диагностикасының әдістері бойынша зертханалардың мамандарына әдіснамалық көмек көрсетуді;

5) COVID-19-ға күдікті науқас тіркелген жағдайда COVID-19-бен ауыратын  науқастардан материалды алу және тасымалдау, COVID-19-ға күдікті науқастарды тасымалдау, COVID-19-ға күдікті науқастардың ошақтарында дезинфекциялық іс-шаралар жүргізу кезінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіпті сақтауды қамтамасыз етсін.

15. «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» (бұдан әрі – ҚДСҰО), «М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы» (бұдан әрі – АҚИҰҒО) шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындары Орталық референс-зертхананың COVID-19-ға зерттеулер жүргізу үшін сынамалар қабылдауға дайындығын қамтамасыз етсін.  

16. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының полиция департаменттерінің басшылары байланыста болған адамдарды іздестіруге, оларды провизорлық және карантиндік стационарға оқшаулауға, сондай-ақ провизорлық және карантиндік стационарларды күзетуге жәрдем көрсетсін.

17. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының халықаралық әуежайларының басшылары:

1) шетелден келгеннен кейін әуе кемелерін, оның ішінде қызмет көрсететін жер бетіндегі жабдықтар мен көлікті қорытынды дезинфекциялауды;

2) әрбір тұрақты және чартерлік рейстерден кейін әуе кемелерін ағымдағы профилактикалық дезинфекциялауды;

3) тұрақты және чартерлік рейстердің жолаушыларын түсіруге және отырғызуға тартылған әуежай терминалдарының барлық үй-жайларын ағымдағы профилактикалық дезинфекциялауды қамтамасыз етсін.

18. «Қазпочта» акционерлік қоғамы қызметкерлердің халыққа бір рет қолданылатын қолғаптар мен маскада қызмет көрсетуін, почта хат-хабарларымен байланысты жұмыстарды жеке қорғаныш құралдарында (халат, маска, қолғаптар) жүргізуді қамтамасыз етсін.

19. Осы қаулыға 14-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларының күші жойылды деп танылсын.

20. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

21. Осы қаулы 2020 жылғы 2 сәуірдің 00-00 сағаттан бастап күшіне енеді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир