Премьер-министрдің баспасөз қызметі бұл хабарламаны жоққа шығарды
Мессенджерлерде карантиндік шектеу шаралары күшейтілентігі және Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалалары жабылатындығы туралы хабар тарап жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.
Ватсап желісіне келіп түскен хабарлама мәтінінде 30 маусымнан бастап «белгісіз мерзімге» дейін карантиндік шаралар күшейтілетіндігі айтылады. Оның үстіне, мәтінде Үкіметтегі Ведомствоаралық комиссияның шешіміне сілтеме жасалған.
Айта кету керек, бұл мәтін ВАК-тың өткен демалыс күндері – 20 және 21 маусымда енгізілген қосымша шектеу шаралары туралы шешіміне толықтай сәйкес келеді.
Премьер-министрдің баспасөз қызметі бұл хабарламаны жоққа шығарды.
«Әлеуметтік желілерде ведомствоаралық комиссия мақұлдаған қосымша шектеу шараларын енгізу туралы хабарлама тарауда. Хабарламадағы мәлімет жалған және шындыққа сәйкес келмейді. Ресми ақпарат көздеріне сенім білдірулеріңізді сұраймыз», – деп мәлімдеді Үкіметтің баспасөз қызметі.