Алматыда коронавирустың алдын алу мақсатында қоғамдық көліктер жаппай сағат сайын дезинфекцияланып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандар автобусты құрамында хлор ерітіндісі бар қоспамен залалсыздандыруда. Сөздерінше, оның жолаушылар денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Айта кетейік, Алматы әкімдігі қоғамдық көліктегі тазалыққа аса мән беруде. Өйткені вирус дәл ұстап тұратын темір тұтқалар, есік пен терезелерде ұзағырақ сақталады.
«Біздің автопус паркі 7, 57,109 бағыты бойынша негізінде Наурызбай ауданы тұрғындарын тасымалдайды. Дегенмен бірнеше аудан халқына қызмет етеміз. Қазіргі жағдайға байланысты, көлік жуатын жерде күнделікті сағат сайын тазалық жүргізіп жатырмыз. Қоспаның құрамында антисептик секілді әрекет ететін хлор қоспасы бар. Арнайы зауыттан сатып аламыз», – деді «Талапты» ЖШС автобус паркінің техникалық қызмет директоры Серік ЖҰМАБЕКОВ.
Жалпы «Талапты» автопус паркінде күнделікті рейске 3 бағыт бойынша 40-қа жуық автобус жолға шығады. Әр рейстен соң автобусты дезинфекциядан өткізу үшін қосымша жұмысшылар тартылды. Олар қоғамдық көлікті соңғы нүктеде күтіп, тазартып береді. Сондай-ақ, жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін маска тағу міндеттелді.
«Қазір әрқайсымызға жеке бастың гигеанасына мән беру аса маңызды. Біз сол үшін қоғамдық көліктерге ескертпе қағазын іліп жатырмыз. Ақпараттық хабарлама барлығы үшін керек. Басты мақсат – қарапайым қағидаларды естен шығармау», – деді «Талапты» ЖШС автобус паркінің диспетчері Оксана ВОДОПЬЯНОВА.