Ақмола облысы коронавирус індетінің екінші толқынына дайындалып жатыр

Reuters
Reuters
Дәрі-дәрмек және дәрілік препараттардың 2-3 айлық қоры жасалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысында жеке қорғаныс, дәрі-дәрмек және дәрілік препараттардың 2-3 айлық қоры жасалған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілясов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда өңірде корнавирусқа қатысты жағдай тұрақталған. 

«Коронавируспен байланысты жағдайды тұрақтанды. Қазір стационарда вирус жұқтырған 80 науқас ем қабылдауда. Денсаулық жағдайы ауырлар бар. Олар жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауына алынған. Ал жағдайы өте ауыр науқастар жоқ.», – дейді Сүлен Ілясов. 

Сонымен қатар, басқарма басшысы өңірде індеттің екінші толқынына қызу дайындық жүргізіліп жатқанын атап өтті. 

«Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсақ, ауруханалардың барлығында жеке қорғаныс, дәрі-дәрмек және дәрілік препараттардың 2-3 айлық қоры жасалған. Коронавирус індетінің екінші толқынына дайындалып жатырмыз. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 166 миллион теңге қаржы бөлініп, дәрі-дәрмек сатып алынуда. Сонымен бірге, «СК-Фармация»-мен келісімшарт жасап, қазір қажетті дәрі-дәрмек жеткізілуде. Қазан айында төрт айдың қоры жасалады», – деп толықтырды Сүлен Ілясов. 

Бұдан бөлек, өңірде алғы шепте жүріп, коронавирус инфекциясын жұқтырып ауырған медицина қызметкерлеріне жәрдемақы төлеу жұмыстары да жүргізілуде. 

«Індет тарағалы бері өңірде он бес медицина қызметкері көз жұмған. Олардың бесеуінің туыстары комиссияның қарауына өтемақы алу үшін өтініш берген. Арнайы комиссия төлем алуға рұқсат берді және олар тиісті ақшасын алды. Ал, қалғаны өкінішке қарай, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығындағы талаптарға сай келмеді. 122 медициналық қызметкер 2 миллион теңгеден жәрдемақысын алды. Сонымен бірге, тиісті санаттағы 224 адам төлемдерін күтіп отыр. Олар вирустың белгілері білінбейтін түрімен ауырған және амбулаториялық жағдайда ем қабылдаған»,– деп түйіндеді басқарма басшысы.

Новости партнеров