Бүгіннен бастап Қостанай облысының периметрі бойынша 18 мобильді бекет қойылды.Бұл туралы Қостанай облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Виталий Цой түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Виталий Цой аймақта карантиндік шараларды қатаңдатудың қалай жүргізілетіні туралы түсініктеме берді.
«Бүгін Қостанай облысының бас санитариялық дәрігерінің қаулысы жарияланды, оған сәйкес облыс аумағында қосымша шектеу шаралары жүргізілуде. Қаулы бойынша тұрғындар Рудный және Қостанай қалаларына емін-еркін кіріп-шыға алмайды. Облыста осы бақылауды жүзеге асыратын 20 санитарлық бекет жұмыс істейді. 17 қарашадан бастап облыс орталығында және Рудный қаласында аудан тұрғындарының қозғалысын шектеу үшін әр аудан аумағында 18 мобильді бекет қойылды. Бұл қалаларға кіруге тек транзиттік көліктерге ғана рұқсат етіледі»,– дейді В.Цой.
Виталий Цой айтқандай, Рудный және Қостанай қалалаларынан бөлек, басқа аудандар арасындағы қозғалыс кедергісіз жүреді. Барлық аудан-қалалардағы таксидің жұмысы 22:00-ден 6:00-ге дейін шектелген.