6 тамызда тағы 30 қазақстандық коронавирустан көз жұмған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің жаңартылған статистикасында айтылған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Соңғы мәліметтер бойынша, 6 тамызда елде коронавирус диагнозы қойылған 30 адам қайтыс болған. Сонымен қатар ДСМ ақпарынша, өткен тәулікте елімізде коронавирус белгілері бар пневмониядан 18 адам көз жұмып, атылмыш диагноз тағы 1424 адамнан анықталған. Айта кетейік, науқастарда COVID-19 белгілері болғанымен, алайда ПТР тест теріс нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ, өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған тағы 980 адам тіркелген. Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 96 922-ге жетіп отыр. Ал елордалық маман коронавирус жұқтырған адам екі-үш айдан кейін қайта ауыруы мүмкін екенін айтады. Зәуреш Смағұлованы сөзінше, COVID-19 жұқтырған адамда иммунитет тұрақты бол¬майды. Ал жеңіл түрде өткен аурудан кейін кей¬бір науқастарда антиденелер мүлдем түзілмейтін көрінеді.
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік маман да коронавирустан жазылған адамның денесіндегі антидене бірнеше ай ғана сақталатынын айтқан еді. Илназ Иматдиновтің сөзінше, адамдар коронавирустың жеңіл түрімен ауырған кезде, олардың антиденелері бірнеше айға дейін сақталады, содан кейін жоғалады. Осыған байланысты зертхана басшысы адамзат жаңа коронавирусқа қарсы иммунитетті дамытып жатыр және жақын арада вакцина қажеті болмайды деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.