Шымкент қаласы 4 сәуір мен 15 сәуір аралығында карантинге жабылады

Фото ©Турар Казангапов
Фото ©Турар Казангапов
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала тұрғындарына жасаған мәлімдемесінде хабарлады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Короновирус індетін жұқтырушылардың саны Шымкентте де, сәт санап, өсіп келеді. Қазірдің өзінде 11 қала тұрғыны аты жаман ауруға шалдығып, ем-дом қабылдауда, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Шаһардағы «Тәуелсіздікке 20 жыл» және Тайманов даңғылы мен оған жақын орналасқан Сәрсенбаев және Сүлейменов көшелері карантинге жабылып, коронавирус ошақтарында 7 блок-бекет қойылды. Зерттеулерге сәйкес, қауіпті індет анықталған әрбір жағдай вирусты жаппай жұқтыруға әкеп соғуы мүмкін. Азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін, денсаулығын сақтау мақсатында Шымкент 4-сәуір сағат 21:00 ден бастап, 15-сәуір аралығында карантинге жабылады.

Карантин кезінде меншік нысанына қарамастан барлық мекемелердің жұмысы тоқтатылады. Қоғамдық демалыс орындары, сонымен қатар, саябақтар мен балалар алаңшаларына баруға тыйым салынады. Тұрғындар мен көліктің барлық түріне Шымкент қаласынан шығуға және қалаға кіруіне тыйым салынады. Қала ішіндегі қоғамдық көлік қозғалысы таңғы 7.00-ден кешкі 19.00-ге дейін ғана жүзеге асады.  

«Азаматтардың жүріп-тұруына шектеу қойылады. Бұл тұрғындардың өзін-өзі оқшаулауы үшін жағдай жасауға бағытталып отыр. Мұндай шектеулер медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, қала тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуші коммуналдық мекеме қызметкерлеріне қолданылмайды. Қала тұрғындары толықтай шектеу кезінде үйлерінен азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық көмек, банк және пошта қызметтерін алу үшін ғана шыға алады», – деді қала әкімі Mұрат ӘЙТЕНОВ.

Қала аумағында коммендаттық сағат әзірше енгізілмеді.  Дегенмен төтенше жағдай кезіндегі талаптарды орындау міндет. Карантин режимін бұзған азаматтарды құқық қорғау органдарының патрульдік қызметі анықтайтын болады. Себебі өзінің денсаулығына немқұрайлы қараған азаматтардың әрекетінен тұрғындардың басым бөлігі зардап шекпеуі тиіс.  Айтпақшы, жасы 55-тен асқан тұрғындарға аса бір қажеттіліксіз көшеге шығуға тыйым салынады.

«Азаматтардың қала аумағында жеке көлігімен жүруіне тыйым салынады. Бұл талап тізімге кіретін мекеме қызметкерлеріне қолданылмайды және ол азаматтардың қолында жұмыс орны берген анықтама болуы керек. Сондай-ақ, жеке көлікпен үйінің жанында орналасқан азық-түлік пен бірінші кезектегі тауарлар, медициналық құралдар алуға және жедел жағдайларда медицина ұйымдарына көмек алуға баруға болады», – деді қала әкімі Mұрат ӘЙТЕНОВ.

Шаһардағы  азық-түлік базарларының жұмыс уақыты  10:00-ден 18:00-ге дейін шектелді. Ал азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақыты 10:00-ден 21:00-ге дейін болып қалды. Барлық қоғамдық тамақтану орындары жабылып, жеткізіп беру режиміне көшеді.

Новости партнеров