Алматы қаласының Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин «Алматы» телеарнасының «Басты назарда» бағдарламасында қаладағы кәсіпкерлік нысандарда, қоғамдық орындарда енгізіліп жатқан «Ashyq» қосымшасының жұмысы жайлы айтып берді.
«Алматы қаласы бойынша 2019 нысанда «Ashyq» қосымшасы енгізілген. Ең бірінші кәсіпкерлік нысандарға енгізіліп жатыр. Одан кейін қоғамдық шаралар өткізілетін орындарда іске асырылып жатыр. Мысалы, қалалық марафонды біз алдын-ала алгоритмін дайындап алып, осы қосымша арқылы марафонға қатысушылардың бәрін өткіздік. Жобаны ұйымдастырушыларға кеңес айтып, ұсыныс жасадық», − деді Жандарбек Бекшин.
Одан бөлек Бас санитар 19 маусымда осы жобаға енгізілген кәсіпкерлік нысандардағы бірқатар жеңілдікті де атап өтті.
«Қазіргі таңда «Ashyq» қосымшасы кәсіпкерлік бойынша 57 бағытқа екі бөлікке бөліне отырып енгізіліп жатыр. Бірінші бөлігінде − «Ashyq» жүйесі енгізілгендер, екіншісі бөлігінде – әлі енгізілмегендер мен енгізіліп жатқандар. Мәселен, сұлулық салондары, ашық базарлар, азық-түлік сататын үлкен-кіші минимаркет, гипермаркет, азық-түлік сатпайтын нысандарға әлі бұл қосымша енгізілмеді. Асхана, кафе, сауда және кәсіпкерлік нысандар мен офистерде енгізілді. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты таңғы сағат 08:00-ден түнгі 02:00-ге дейін. Рұқсат етілген орындар саны – 70. Одан бөлек бильярд, боулинг, компьютерлік клубтар, цирк, балалардың ойын-сауық орталықтары қосымшаға тіркелген. Келушілер 50 пайыздан аспау керек. Ал «Ashyq» қосымшасына тіркелмеген нысандар үшін келушілер саны 30 пайыздан аспауы керек. Жалпы жеңілдіктің бәрі «Ashyq» жүйесіне қосылғандар үшін тиімдірек болып отыр», − деді Жандарбек Бекшин.