Кентауда коронавирус жұқтырған әйел дені сау сәби босанды

31.05.2020 18:07

Кентау қалалық ауруханасының дәрігерлері осымен коронавирусқа шалдыққан екінші науқасты босандырып алды

Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғыны коронавирус инфекциясын жұқтырса да, дені сау бала босанды, деп хабарлайды Almaty.tv облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Келіншектің коронавирус жұқтырғаны 27 мамыр күні белгілі болып, сол күні ол Кентау қалалық жұқпалы аурулар аураханасына түскен еді. Толғақ кезінде әйелдің жатырынан қан кетіп, дәрігерлер ананы да, баланы да құтқару үшін шұғыл операция жасаған.

«Дәрігерлердің арқасында салмағы 3 келі, бойы 51 см қыз бала аман-есен өмір есігін ашып, анасымен қауышты. Дәрігерлер нәрестеге бірден коронавирус инфекциясын анықтайтын анализ жасаған. Сараптама сәбидің жұқпалы ауруға шалдықпағанын көрсеткен», - делінген хабарламада.

Дегенмен, сәби қазір анасынан бөлек палатада жатыр. Ал, жаңа босанған келіншек инфекциялық бөлімде емін ары қарай жалғастырады. Ол әлі екі апта бойы отбасына бара алмайды.

Оған операция жасаған реанимотолог-дәрігер Ержан Жұмашевтың айтуынша, инфекциядан қорғайтын қосымша киім ыңғайсыздық тудырғанына қарамастан, операция сәтті өткен.

«Коронавирус індетіне шалдыққан науқастарға ота жасауда қорғаныш киімдері аздап ыңғайсыздық тудырады. Қалғаны науқастарға көрсететін қалыпты қызметіміз. Біз үшін бұл әйелдің сауығып, перзентін қолына алғаны үлкен қуаныш болады», - дейді дәрігер.

Кентау қалалық ауруханасының дәрігерлері осымен коронавирусқа шалдыққан екінші науқасты босандырып алды. 

Түркістан облысы бойынша қауіпті індетті 370 адам жұқтырған. Оның ішінде 199 науқас жазылып шықты.