Қалада барлығы 137 адамның коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелді
Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада 12 қызметкерден COVID-19 инфекциясы табылды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Індет 10 мейірбике мен 2 дәрігерге жұққан. Олар инфекция жұқтырған адаммен байланыста болып, ауырып қалған. Мегаполистің бас дәрігері өкпе қабынуына байланысты екі адамның жағдайы ауыр, ал, қалғандарының барлығында жағдай қанағаттанарлық екенін айтты. Айта кетейік, аталған медициналық мекемеге жедел жәрдеммен науқастар жеткізіліп отырған. Қазір ғимараттың қабылдау бөлімі карантинге жабылып, тағы бір бөлімінде дезинфекция жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі уақытта эпидемиологиялық тергеу жұмыстары жүргізілуде. Жағдай қаланың Жедел штабының бақылауында. Инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында белгілі шаралар атқарылуда. Ауру жұқтырғандармен байланыста болған барлық адамдар іздестіріліп, карантинге жатқызылатын болады», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Ақ халаттылар коронавирустың еш байқатпай жұғатынын тағы еске салды. Яғни, сізге вирус жұқса да, ауырмай жүруіңіз әбден мүмкін. Бірақ індет сіз араласқан адамдарға жұғып, олардың иммунитеті төмен болса, соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы ғажап емес. Сондықтан бекітілген ережеге бағынып, үйде болған жөн. Ал, адам көп шоғырланатын жерлерге бару өте қауіпті әрі үлкен қателік. Коронавирустың ауа арқылы да таралатынын ескерсек, сөйлескен әр адамнан жұғады дейді мамандар. Ал, тәртіпке бағынбай, далада себепсіз серуендесеңіз заң алдында қатаң жауапқа тартылатыныңызды қаперде ұстаңыз. Өйткені, сіз өзіңізді ғана емес, өзгенің де өмірін қатерге тігіп, қасақана жұқтырған болып есептелесіз. Қалалық полиция департаментінің қызметкерлері, карантин режимін бұзғандарға қандай жаза қолданылатынын тағы бір мәрте ескертті.
«Бірінші кезекте әкімшілік кодекстің 476-бабына сәйкес төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы көрсетілген. Кем дегенде айыпталған адам 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болады. Сонымен қатар, қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша, яғни, санитарлы эпидемиологиялық нормаларды, сілтемелерді сақтамағаны үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделген. Ал, билік өкілінің, яғни полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбау да қылмыстық кодекстің аясында қарастырылатын құқық бұзушылық. Яғни, қылмыстық кодекстің 379-нормасына сәйкес бұл өрескел қылмыс үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделуде», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдай режимін сәуір айының соңына дейін ұзартты. Президенттің сөзінше, коронавируспен ауырудың шарықтау шегі әлі алда. Сондықтан шектеу шарасын созуға мәжбүр болғанын айтты. Ауруды алдын алудың бірден-бірі жолы – тазалық. Ал, сіз індеттің тоқтауына үйден шықпай үлес қосатыныңыз қаперде болсын. Айта кетейік, Алматыда науқастарға медициналық маска мен дәрілерді жеткізу қызметі жұмыс істеп тұр. Егер бетпердедәріханада жоқ болса, «Садыхан» дәріханасына хабарласуға болады.
Қалған екеуі-жергілікті байланыста болған 2000 жылы туылған жас жігіт, ал 24 жастағы қыз Куалу-Лумпур рейсімен ұшып, ол стационарда.
Бүгінгі күні инфекциялық стационарларда 108 жағдай (1 облыстық), оның ішінде 4 бала. 80 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, жеті адамның жағдайы ауыр, орташа дәрежедегі 21 пациентте (1 облыстық).
37 адам емделіп шықты. Қайтыс болғандар саны - 2.
Провизорлық орталықтарда 138 адам, олардың - 9 бала, 386-i карантинде, ал 5334 адам үй карантинінде.
Өмір Әнуарбек, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы