Қазақстанда міндетті вакциналау мерзімі белгілі болды

15.07.2021 23:58

Жаңа қаулыға сәйкес, коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлердің жұмысқа келуіне шектеу енгізіледі

pixabay.com

Жаңа қаулыға сәйкес, коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлердің жұмысқа келуіне шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv

Бұл талап тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, соңғы үш айда коронавируспен ауырған жұмысшыларға қатысты емес.

«Жұмыскерлерге, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда, 2021 жылдың 10 тамызға дейінгі мерзімде COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентімен, ал 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі мерзімде вакцинаның екінші компонентімен профилактикалық егулер жүргізуді ұйымдастырсын»,– делінген қаулыда.

Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі таңда екпені өз еркімен алушылардың саны көбейген. Медицина қызметкерлері күніне бір шағын ауданның 100-ге жуық тұрғынына екпе салып жатыр.

«CoronaVac вакцинасын алдым. Өзім жұмыс істемеймін, үйде отырамын. Декреттегі анамын. Өз қалауыммен осы індетке қарсы вакцина алып отырмын», – деді қала тұрғыны Айдана Дүйсебаева.

Жас Қанат шағынауданындағы №28 қалалық емхана дәрігерлерінен тұратын арнайы бригада да құрған. Олар егу пунктіне келуге мүмкіндігі жоқ жандардың, ардагерлер мен қарттардың үйіне өздері жетіп, жұқпалы індетке қарсы екпені салады.

«4 сәуірден бүгінге дейін 3605 адам вакцинаның бірінші компонентін салдыртты. Екінші компонентін 445 адам алды. Біз үйге барып, салдық. Ол осы орталыққа келе алмайтын жағдайдағы науқастарға бардық», – деді жоғары санаттағы медбике Қарлығаш Жаңабатырова.


Коронавирусты толық жеңудің бірден бір жолы – вакцина алу. Медицина саласына еңбек сіңірген ғалымдардың да айтары осы. Себебі, адамзат көне заманнан бері түрлі індетті ғылыммен жеңіп келеді.

«Вакцина аурудың ауыр түрінен сақтап, қайғылы жағдайдың алдын алады. Мысалы, АҚШ-та соңғы айда вакцина алғандар арасында жұқпалы індеттен көз жұму факторы тіркелмеген. Сондықтан екпе алу керек», – деді Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.

Алматы қаласы бойынша бір тәулік ішінде 12 471 адам вакцина алды. Жұқпалы індетке қарсы екпенің 1-компонентімен 628  мың 132 адам вакциналанды.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы