Қауіпті індеттің таралуын тежеу үшін Атырауға 20 тонна медициналық препараттар жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап.
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың мәлімдеуінше, оның ішінде аспирин, азитромицин, цефазолин, цефтриаксон, система қоюға арналған сұйықтық, офлоксацин және өзге де дәрі-дәрмектер бар.
«Соңғы екі аптада өңірге 80 тоннадан астам дәрі-дәрмек жеткізілген еді. Бірақ, дәріханаларда қауіпті вирусқа қарсы, сондай-ақ, қызу түсіретін дәрілердің әлі де жетіспейтінін анықтадық. Осыған орай облыс әкімінің тапсырмасымен "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ тарапынан арнайы қаражат бөлінді. Бұл кәсіпорын бөлінген қаржыға Ресейдегі Нижний Новгород қаласынан 20 тоннаға жуық медикаментті сатып алып, "Теңізшевройлдың" ұшағымен жеткізіп берді», – деді Ержан Әбілханов.
Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен алдағы үш-төрт күнде тағы да 40 тонна дәрі-дәрмек әкелінбек.