Алматыда коронавирус жұқтырған қос медициналық қызметкердің жағдайы ауыр. Қалғандарының жай-күйі қанағаттанарлық, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осыдан бірнеше минут бұрын болған брифингте мұны Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев айтты. Басқарма басшысының сөзінше, олар қауіпті індетті науқастардан жұқтырып алуы мүмкін. Себебі дәрігерлер шұғыл көмек көрсетумен айналысқан. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша эпидемиологиялық тексеру жүргізілуде. Барлық алдын-алу шаралары күшейтілді.
«Тәулігіне жаңадан анықталған жағдай – 174. Оның 58-і жергілікті науқаспен байланыста болған азаматтар. Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бір қызметкері, орталық қалалық клиниканың 110 медицина қызметкері, медициналық жәрдем қызметінің 2 қызметкері, №32 қалалық емхананың 1 қызметкері, №1қалалық емхананың 1 қызметкері, №1 қалалық клиникалық аурухананың 1 қызметкері бар», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Айта кетейік, стационарларда 295 коронавирус жұқтырған науқас ем қабылдап жатыр. Оның жетеуінің жағдайы ауыр деп бағалануда. 41 адамда инефкция деңгейі орташа. Қалған 247 науқастың жай-күйі қалыпты. Оның 12-сі бала. Сондай-ақ, 366 адам провизорлық орталықтарда, ал 7097 науқас үй карантинінде жатыр.