|
07.04.2020 | 13:34
2381

Алматыда коронавирустан қайтыс болған азаматтарды жерлеудің жаңа ережелері бекітілді

Бұл ереже еліміздің бас санитарының нұсқауымен жасалған

Алматыда коронавирустан қайтыс болған азаматтарды жерлеудің жаңа ережелері бекітілді Almaty.tv

Алматыда коронавирустан қайтыс болған азаматтарды жерлеудің жаңа ережелері бекітілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Марқұмдар мамандардың қатысуымен арнайы бөлінген аумаққа жерленетін болады. Бұл ереже еліміздің бас санитарының нұсқауымен жасалған. Ал, имамдар сақтық шараларын назардан тыс қалдырмауды ескертеді. 

Пандемия кезінде амалсыздан қабылданған жаңа ережелерді ешкім қажет етпесін. Дегенмен білген абзал. Қауіпті індеттен қайтыс болғандардың денесі туыстарына берілмейді. Қауіпсіздік мақсатында мәйітханада марқұмның денесі ашылмайды. Ал ақтық сапарға шығарып салуға туыстарына бар-жоғы 1 сағат ғана уақыт беріледі. Оның өзінде тек әйнек сыртынан қарауға ғана. Тағы бір шарт – жерлеуге тек ет жақындары шақырылады. Ал олардың саны 7 адамнан аспауы керек. Жерлеу рәсімінде эпидемиолог мамандар жүреді.

«Штабтың шешімі бойынша жерлеу рәсімінің алгортимін қайта пысықтадық. Онда мәйітті қалай және қайда көму керектігі, ең бірінші қайда хабар беру егжей-тегжейлі жазылған. Алғаш болып кімдердің іске кірісу керектігі айтылған. Ал қалғанын еліміздің бас санитарының қаулысымен жасадық. Ол жуық арада көпшілікке таныстырылды», – деді  қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұқпалы індеттен өлген  адамның мәйітін жерлеуге қатысты пәтуа шығарды. Муфтияттың сайтынан танысуға болады. Онда мәйітті жуындырудан бастап жер қойнына қалай табыстау керектігі түсінікті жазылған. Имамдар қауіпті дерт дендеген тұста эпидемиологтардың сөзіне құлақ асқан жөн екенін айтады.

Графика:

Коронавирустан қайтыс болған адамдарды жуындыру және жерлеу шаралары

1. Мәйітті жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс;

2. Мәйітті кебіндеу ісінде санитарлық қағидалар сақталуы керек;

3. Жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстарының қатысуы жеткілікті;

4. Мәйіт зиратқа арнайы көлікпен жеткізілуі тиіс;

«Көңіл айту бұл сүннетке жатады. Ол сүннетті мұндай жағдайда тоқтата тұруға болады. Немесе әдейі сол қаза болған үйге бару емес, қазір Құдайға шүкір түрлі жеңілдетілген түрлі себепті жағдайлар бар. Телефон арқылы немесе басқа да жолдармен көңіл айтуды біз жеткізуіміз керек. Егер біреу көңіл айта алмаса, уақытында немесе жоспарлаған садақасын өткізе алмаса, оған ешқандай күнә жазылмайды. Мәйітке де ешқандай күнә, ауыртпашылық болмайды. Өйткені бұл шариғатымызда талап етілген міндет амалға жатпайды», – деді  ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімі басшысының орынбасары Хасан АМАНҚҰЛОВ.

Айта кетейік, қауіпті індеттен көз жұмғандардың денесі арнайы қоспамен өңделеді. Кейін полиэтиленді пакет пен ауа өткізбейтін тығыз матаға оралады. Сондай-ақ, марқұмның бетін ашуға да тыйым салынып отыр. Елімізде мұндай шара әлемдегі жағдайға байланысты қолға алынды. Мәселен, Италияда Covid-19-дың құрбандарын жерлеуге уақыт жетпей жатыр. Басым бөлігі жекелей бокстардың ішінде өлім құшуда. Испанияда да жерлеу рәсімі өзгертілген.

Жадыра Омаржан, Дина Жанабекова, Валерий Таубалдиев,  «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир