Нұр-Сұлтанда карантин тағы да күшейтілді

01.07.2021 19:09

Жексенбі күндері қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады

astana.gov.kz

Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты жеті күн ішінде үшінші рет карантин күшейтілді. Бұл туралы қалалық әкімдік мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ресми дереккөзге сілтеме жасап. 

Өткен тәулікте елордада коронавирусты жұқтырудың 800-ден астам жағдайы тіркелген. Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауы себепті карантин тағы да күшейтіледі. Карантиндік талаптардың сақталуын анықтайтын мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіліп, тәулік бойғы режимге ауыстырылды.

Егер мейрамханаларда, кафелерде және басқа да мекемелерде іс-шаралар өткізілсе, ол нысанның жұмысы тоқтатылатын болады.

Сонымен қатар, 4 шілдеден бастап «Ashyq» жобасы бойынша жұмыс істейтін тамақтану орындарының (мейрамханалар, кафелер) уақыты 02:00-ден 22:00-ге дейін (жабық жерлерде), ал сыртта, яғни есік алдында жұмыс істейтін тамақтану орындарының уақыты 02:00-ден 00:00-ге дейін қысқарады.

Сондай-ақ, жексенбі күндері қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады. Бұл күні автобустар дезинфекцияланады.

«Ashyq» жобасын қолданбайтын фитнес-орталықтардың (йога орталықтары, т.б.) жұмысы аптаның барлық күнінде де тоқтатылады. Ал Ashyq жобасы бойынша істейтін фитнес-орталықтар (йога орталықтары, т.б.) дүйсенбі-жұма күндері жұмыс істесе, демалыс күндері тоқтатылады.

Қалада қатаң карантиндік шараларды енгізбес үшін ұжымдық иммунитетті дамыту қажет. Ал ұжымдық иммунитеттің үлесі 60%-дан асуы тиіс. Қазір қалада вакцинаның бірінші компонентін 229 мыңнан астам адам алды. Медицина қызметкерлерінің 90%-дан астамы, ал коммуналдық қызметкерлердің 70%-дан астамы коронавирусқа қарсы егілді.

Вакцинация ғана өз денсаулығыңызды, жақындарыңыз бен айналаңыздағы жұрттың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, 2 шілдеден бастап қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың елорда күніне арналған бұқаралық іс-шараларға тыйым салу туралы қаулысы күшіне енеді. Жабық мекемелердегі іс-шаралардың бәріне тыйым салынады (Ashyq жобасының тәртібі бойынша театрлардың 20%-дан аспайтын толуын есепке алмағанда).

Сондай-ақ, саябақ аумағында орналасқан ашық ауадағы аттракциондардың бүкіл түрінің жұмысына тыйым салынады.