Облыста коронавирус инфекциясымен жалпы 185 адам тіркелген
Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының ауру белгілерімен 8 адам тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәліметіне сілтеме жасай отырып.
«Семей қаласында 8 адамнан ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері COVID-19 диагнозын растады. Науқастардың ішінде 2019 және 2020 жылдары туға нәрестелер де бар. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 3 науқастан зертханалық талдаулар бұған дейін коронавируспен ауырған адаммен қарым-қатынаста болғаны үшін алынса, қалған 5 науқас денсаулық жағдайларына байланысты өз өтініштерімен келіп тексерілген», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта қауіпті вирусты жұқтырған науқастардың барлығы жұқпалы аурулар стационарына жатқызылды.
Олармен байланыста болған адамдарға эпидемиологиялық және медициналық тексеру жүргізу үшін ТКҚСҚБ аумақтық басқармасының мамандары мен медицина қызметкерлерінен құралған мобильді топ ұйымдастырылып, ошақтарға дезинфекция жасады.
Эпидемиологиялық тергеу және эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда.
Қазіргі таңда облыста коронавирус инфекциясымен жалпы 185 адам тіркелген, олардың ішінде сауығып шыққандар саны — 63.