Қарағанды облысының эпидемиологиялық жағдайы жақсарып келеді

27.07.2020 18:40

Күн сайынғы өсім көрсеткіші 1,5% деңгейінде болып отыр

elorda.info

Қарағанды облысында коронавирустық инфекция аурушаңдығы төмендеді. Күн сайынғы өсім көрсеткіші 1,5% деңгейінде болып отыр. Жедел жәрдем шақыруларының саны 3 есеге қысқарды. Қазір госпитальдарда төсек-орындардың жартысы бос, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сонымен қатар, облыс әкімі Жеңіс Қасымбек күзгі-қысқы кезеңде КВИ қайта өршуінің екінші толқынына дайындықты уақытында бастауды тапсырды. Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы босаңсуымызға себеп болмауы тиіс, деп мәлімдеді ол.

«Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 8 058 жұқтыру оқиғасы тіркелген. Аурудың өсуі 1,5% құрайды. 81 адамда ауру өліммен аяқталды. 4 926 науқас сауығып кетті. Соңғы екі аптадағы талдау эпиджағдайдың жақсарғанын, аурушаңдық төмендегенін көрсетеді. Төсек қорының жүктемесі де азайды. Инфекциялық кереуеттер 47%-ға, провизорлы кереуеттер 50% жүктемемен жұмыс істеуде», – деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте.

Ол дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің түбегейлі жақсарғанын да атап өтті. Стационарларда қажетті препараттардың жеткілікті қоры бар. Облыс емханаларына үй жағдайында пневмониядан емделетін науқастарды қамтамасыз ету үшін антибиотиктер түсті. Сондай-ақ дәріханалық желіде де тапшылық мәселесі шешілді.

Облыста денсаулық сақтау жүйесін КВИ екінші толқыны мүмкін болған жағдайда күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындау жоспары әзірленді. Ол инфрақұрылымды дамыту, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту, тұрақтандыру қорын құру жөніндегі шараларды қамтиды.

Қосымша 1 500 пульсоксиметр, 500 оттегі концентраты, 302 ӨЖЖ-аппаратын сатып алу жоспарлануда, деп хабарлады Ержан Нұрлыбаев. Сондай-ақ компьютерлік томографтар мен сандық рентген-аппараттардың саны артады, ПТР-диагностика желісі кеңейтіледі.

Медицина кадрларының жетіспеушілігіне қатысты мәселе шешілуде. Ведомство басшысының айтуынша, биыл медициналық ЖОО-ның 360 түлегі жұмысқа орналасады. Облыстың қалалары мен аудандарында жас мамандарға баспана беріледі.