Алматыда 10 мыңнан астам адам COVID-19 індетіне тексерілген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның 93-інен коронавирус табылған. Әлемді дендеген дертті әсіресе халықаралық рейстермен ұшып келгендер жұқтырған. Графикаға назар салсақ, Мәскеуден– 33%, Ыстамбұлдан – 25%, Берлиннен – 16%, Санкт-Петербургтан –13%, Минсктен – 13% келген. Ал жас шамасына келсек, ауруды жұқтырғандардың көбі орта жастағылар. 60-тан асқан 7 науқас бар. Байқағандарыңыздай, індет елге сырттан келген. Яғни, шетелден келген 35 адамнан 48 алматылық індетті жұқтырып алған. Міне, коронавирустың қауіптілігі! Абырой болғанда, Алматыда сәуір айында ауру сәл бәсеңдепті.
«Алматының 5 тұрғыны ауырған. Еш жерге бармаған, ешкіммен қатынасып көрмеген. Ол 5 адамнан 3 адам ауырып қалған. Алматы қаласында ішкі ошақ бар дейміз. 42 ошақ болса, бүгінде 28-і қалды. Қалғандары карантиннен алынып тасталды. Ал стационарлы карантиннен бүгінгі күні 10 пайызы шықты. 128 адам. Үй карантинінен 16 пайызы шығарылды. Ол – 586 адам. Көбінесе жеңіл формада. Бірақ көп таратқан 7 адамның формасы патогенді-агрессивті. 7 адаммен жақын байланыс орнатқан 109 адам карантинге алынған. Ауырған адамдармен байланыста болған деген күдікпен тағы 639 адам қадағалауға алынған», – деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.
COVID-19 індетіне қарсы тиімді әдіс – оқшаулану. Өйткені коронавирус көзге көрінбейтін, бірақ ту сыртыңнан пышақ ұрғандай тез тарайтын індет. Сондықтан, құрметті көрермен, дәл қазір сабырлық сақтап, үйде болғаныңыз абзал. Бұл сіздің және жақындарыңыздың денсаулығы үшін маңызды! Карантин кезіндегі ортақ жауапкершілікті сезінгенде ғана біз нідетті жеңе аламыз!