Тұрғындар міндетті түрде маска тағуы қажет
Алматыда алдағы демалыс күндері тағы да карантин режимі күшейеді. Ал осыған дейін енгізілген режимнің жеңілдеуі тек жұмыс күндері ғана орындалады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін онлайн брифингте бұл туралы толығырақ қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бас маманы түсіндірді. Сонымен, сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көліктің жұмысы тоқтайды. Киім-кешек сататын және азық-түлік саудалайтын шатыры жабық базарлар, сауда үйлері, ойын-сауықтық орталықтар жабылады. Тек үй маңындағы супермаркеттер мен дәріханалар қызметін жалғастырады. Сондай-ақ, бұл күндері сән салоны, шаштараз, спа орталықтары және басқа да косметологиялық қызмет көрсететін нысандарға бару мүмкін емес. Оған қоса, фитнес орталықтар, қоғамдық монша, сауна да қызметін тоқтатады.
«Бұл жаңағы адамдардың демалыс күндері жиналатын жері болып саналады. Сондықтан массалық жиналуды болдырмау үшін осы мақсатта бұл нысандардың тоқталуы қарастырылған. Ал парктер мен аллеяларға қатысты бұл жерде әрине 3 адамнан құралған немесе бір отбасылық адамдарға жүруге рұқсат етіледі. Әрине де, бетперде мен әлеуметтік қашықтықты сақтауымен ол рұқсат етіледі», – деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бас маманы Гүлнәр Мадимарова.