Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар саны 6 миллионға жуықтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, бұл статистика – пандемияның үшінші толқынында ресми тіркелген ақпар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірақ вирус құрбаны болғандар қатары одан да көп болуы мүмкін дейді ғалымдар. Алайда ұйым басшылығы адамзат 2022 жылдың соңына дейін қауіпті вирусты толық жеңе алады деп болжап отыр. Ол үшін вакциналарды теңдей бөліп, екпе алу қажет. Әсіресе Африкада иммундау науқанын қолға алу керек дегенді алға тартып отыр.
«COVID-19-дан ресми түрде 6 миллион адам қайтыс болғаны туралы нақты ақпар бар. Алайда тіркелмеген құрбандарды қоса алсақ, онда өлім-жітім саны 21 миллионға жуықтап қалды. Мәселен үйде қайтыс болу жағдайлары бар, сараптама жасалмағандықтан, есепке алынбаған деректер болуы мүмкін», - деді Сингапур ұлттық университетінің ғалымы Тикки Панг.
Ал елімізде эпидемиологиялық ахуал айтарлықтай жақсарды. Соңғы тәулікте 87 адам вирус жұқтырды. Науқастар Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматыда көп тіркеліп отыр. Ал Ақтөбе, Атырау, Жамбыл және Түркістан облыстарында вирус жұқтырғандар анықталмады. Жалпы еліміздің барлық өңірі қазір «жасыл» аймақта тұр.