Күзде коронавирустың таралу қарқыны төмендейді. Бұл туралы еліміздің бас дәрігері Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министр тамыз айында індеттің орташа тәуліктік көрсеткіші 4 мың жағдайға жетеді деп отыр. Соңғы 2 аптада елде коронавируспен ауырған адамдардың саны 3,2 есеге көбейген. Ал, тек өткен тәуліктің өзінде КВИ-дің оң нәтижесімен 2021 жағдай анықталып отыр. Оның басым бөлігі - Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен Қарағанды облысында
«Министрлік 15 шілдеден бастап сырқаттану көрсеткішін 100 мың тұрғынға шаққандағы ауруханаға жатқызу көрсеткішіне ауыстыра отырып, тиісті матрицаны өзектендірді. Бағалау матрицасына сәйкес бүгінгі күні Нұр-Сұлтан сары аймақта, қалған өңірлер жасыл аймақта тұр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Министр айтуынша, бүгінде бас қаладан бөлек, аурудың ең көп өсуі 6 өңірінде байқалып отыр. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды мен Павлодар және Ақмола облысында індет жұқтыру көрсеткіші 6 есеге, ал Қостанай облысында 5 есе көбейген.
«Сондықтан, жағдайды тұрақтандыру мақсатында аймақтарда эпидбақылау мен профилактикалық жұмыс күшейтілді», – деді Ажар Ғиният.
Сонымен қатар, ол өңірлерде екпе егуді қолға алу қажеттігін де айтты. Қазіргі кезде вакцина мен ревакцина үшін жалпы, 1 млн 350 мыңнан астам доза сақтаулы.
«Ауырған адамдардың 80 пайызы егілмеген адамдар немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екенін ескерсек, бұл уақыты ковидке қарсы ревакцинациямен қамту қажеттігін көрсетеді. Бүгінгі күні ревакцинацияны 5 млн астам адам алды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.