Алматыға кезекті гуманитарлық көмек келді. Бұл жолы екі бірдей көмек бауырлас Түркия елінен жеткізілді. Бірі мемлекет тарапынан берілсе, бірін фармкомпания, яғни жеке кәсіпкерлер жіберген. Онда негізінен қауіпті індетті емдеуде қолданылатын дәрі-дәрімектермен қорғаныс құралдары бар. Аталған көмекті Almaty.tv тілшісі де Алматы халықаралық әуежайынан күтіп алған еді.
Алматы халықаралық әуежайына тек қана Қазақстан ішіндегі әуе рейстері ғана тасымалданып келген. Ал Түркиядан бағыт алған Turkish Cargo әуе компаниясына тиесілі әуе кемесі Алматыға гуманитарлық көмек алып келді. Яғни, еліміздің коронавирус инфекциясымен күресіне түркиялықтар да көмектесіп жатыр.
Кешқұрым келген ұшаққа дәрі-дәрімек тиелген. Онда Қазақстан мен Түркияның бірлесіп ашқан «Абди Ибрахим Глобал Фарм» компаниясы атынан Түркияда өндірілген препараттар бар. Бұл қадам коронавирус індетімен күрестегі жаһандық ынтымақтастықтың айқын көрінісі.
«Біздің негізгі мақсатымыз – Қазақстанға қолдан келгенше көмек көрсету. Мұнда COVID-19 инфекциясымен күресуде белсенді қолданылатын фосфат хлорохині бар «Kutlu» препаратының 100 мың таблеткасы мен 700 доза ацетилцистеин дәрісі бар. Мұның барлығы 5000 емдеу курсына жетеді», - деді «Абди Ибрахим Глобал Фарм» компаниясы бас директорының міндетін атқарушы Фарух РЗАЕВ.
Одан өзге аталған елдің Үкіметі тарапынан да 250 келіге жуық гуманитарлық көмек «СҚ-Фармация» өкілдеріне тапсырылды. Онда негізінен 150 мыңнан астам бетперде, 100 дана көзілдірік сынды қорғаныс құралдары бар.
«Түркия билігі Қазақ еліне қашан да қол ұшын беруге дайын. Елі ел арасындағы ынтымақтастық жыл өткен сайын нығайып келеді. Бүгін біз медициналық бетперделер, бетке арналған қорғаныс экрандары, көзді қорғайтын көзәйнектер мен қорғаныс киімдерін жеткіздік», - деді Түркияның Алматыдағы Бас консулы Али Рыза АКЫНЖЫ.
Айта кету керек, Түркиядан гуманитарлық көмек бұған дейін де келген болатын. Алдағы уақытта тағы бірнеше ел көмек қолын созуға ниетті екен.
Арнат Дүйсен, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы