Түркістан облысында көз жұмған 64 жастағы науқас 15 наурызда Алматыдан келгенін жасырған. Бұл туралы облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
«Өкінішке қарай, бүгін таңертең Түркістан облысында коронавирус індетінен Жетісай ауданының 1956 жылғы тұрғыны қайтыс болды. Науқас 29 наурызда ауруханаға жатқызылған. Пневмония анықталып, тыныс алуы қиындаған. Науқас қант диабетімен, гипертониямен ауырған. Барлық сынама алынып, емдік шаралар жүргізілді. Науқастың жағдайы нашарлап, бүгін таңертең көз жұмды», - деді басқарма мамандары.
Науқас бір ай бойы Алматы облысының Қарасай ауданында қонақта болған. Бірақ 15 наурызда автобуспен өз үйіне келген. 29 наурызда ауырып, ауруханаға жатқызылады. Жетісай аудандық ауруханасының терапиялық бөлімінде ем қабылдайды. Жағдайы нашарлап, инфекциялық бөлімшеге ауыстырылған.
«Марқұм он бесінші наурызда Алматы қаласынан келгенін жасырған, үйінде емделген. Біздің дәрігерлер одан зертханалық сынама алып, тест оң нәтиже көрсетті. Онымен байланыста болған барлық адам анықталды. Жақын араласқандар саны 25 адам, тағы 40 адамның ауру жұқтыру қаупі бар», - деп атап өтті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
Жалпы, Түркістан облысында 23 адамның коронавирус індетін жұқтырғаны расталды. Жетісай ауданында ‒ 11, Кентау қаласында ‒ 2, Арыс қаласында ‒ 1, Ордабасы, Сарыағашта ‒ 1, Мақтааралда ‒ 4, Сайрам ауданында 2 адамнан вирус табылды. Олар осыған дейін COVID-19 вирусын жұқтырған науқастармен байланыста болған.