Түнгі клубтар карантин талаптарын жиі бұзады

Қалалық штабтың мамандары өткен демалыс күні Медеу ауданында тексеріс жүргізіп, Назарбаев даңғылының бойында орналасқан түнгі бардың үстінен түсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда карантиндік тәртіпті бұзатындар азаймай тұр. Сол себепті қалалық штабтың мамандары мен аудандық мониторингілеу топтары күні-түні рейд жүргізіп жатыр. Нәтижесінде Медеу ауданында осыған дейін де бірнеше мәрте ұсталып, ережені елемеген кәсіпкерлік нысандардың жұмысы қайтадан әшкереленді. Сонымен, карантиндік тәртіпті сақтағысы келмейтін мекемелерге қандай шара қолданылады? Әрптесім Almaty.tv тілшісі өрбітсін.

Қалалық штабтың мамандары өткен демалыс күні Медеу ауданында тексеріс жүргізіп, Назарбаев даңғылының бойында орналасқан түнгі бардың үстінен түсті. Мекеме «Ашық» қосымшасымен жұмыс істесе де, карантиндік талаптар мүлде сақталмаған. Яғни, кәсіпкерлік нысан келушілерді шамадан тыс қабылдағаны соншалық – іші де сырты да адамға лық толы. Естеріңізде болса, бұл мекеме өткен аптада 2 күн қатарынан тәртіп бұзып, көзге түскен болатын. Кейін мамандар нысан иесіне тағы да хаттама толтыруға мәжбүр болды.

«Кәсіпкерлерден өтінерім карантин талаптарын сақтаңыздар! Қала «жасыл» аймақта болса да, мониторингтік топтардың жұмысы тоқтамайды. Қазіргі сәтте Медеу ауданында күні-түні рейд жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тексеріске күндіз 2 топ, түнде де 2 топ шығады», – деді қалалық кәсіпкерлер палатасының Медеу аудандық филиалының директоры Самал Орасаева

Көп ұзамай тексеруші топ бардың қатарында орналасқан 6 мекемеге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, келушілердің барлығын үйлеріне тарқатты. Ең қызығы, әр жерде топтасып отырған жастар бөтелкелерін жинамастан көшені қоқысқа толтырып кеткен. Ал, осыған дейін бірнеше тәртіп бұзып, ережені елемеген кәсіпкерлердің ісі сотқа жолданып, «Ашық» бағдарламасы бойынша жұмыс істеу мүмкіндігінен қағылуы мүмкін.

«Алматылықтар бас санитария дәрігерінің сөзіне құлақ асып, санитарлық талаптарды ескеріңіздер. Әсіресе, түнгі клубтарда ереже бұзушылық жиі кездеседі. Себебі оларда арақашықтық сақталмайды. Одан бөлек көшедегі жастар отырған жеріне қоқыс тастап кетеді», – деді СЖҚК агенттігі жанындағы арнайы республикалық мониторингтік топ төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов.

Статистикаға сүйенетін болсақ, Медеу аудандық мониторингілеу топтары соңғы бір аптада 14 рейд жүргізіп, 327 мекеменің жұмысын тексерген. Нәтижесінде санитарлық талаптарды сақтамаған 11 кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылды.

Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров