Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында күздегі эпидахуалдың ықтимал болжамын атады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, министрлік қараша айына дейінгі эпидемиологиялық болжамды жаңартқан. Жалпы жағдай жақсарып келеді екен. Өткен аптада вирустың репродуктивтілік индексі 1-ден төмен түсіп, қазір 0,93 деңгейіне жеткен. Ауруханалардағы орындар 49% пайызға, ал жансақтау бөлімдері 46% пайызға толы.
«Пессимистік сценарий бойынша қыркүйек айында 6 300 жағдайға, қазан айында 2400 жағдай жетеді. Шынайы сценарий бойынша қыркүйекте 5 400 жағдайға, қазанда 1 800 жағдайға жетеді. Оптимистік сценарий жағдайында қыркүйекте 4 200 жағдайға, қазанда 1 300 жағдайға жетеді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияға өңірлерде «Ashyq» жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күнгі шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырды. Айта кетейік, бүгінде вакцинаның бірінші компонентін 6,5 млн жуық адам алса, ал екінші компонентін 5 млн-нан астам адам салдырған. Бұл орайда Алексей Цой реанимацияда жатқандардың 95 пайызы вакцина алмағандар екенін елдің есіне салды.
«Ауру жұқтыру деректерін талдау жұмыстары вирус жұқтырғандар мен коронавирусты ауыр өткеріп жатқан науқастардың негізгі үлесі вакцина алмағандарға тиесілі екенін көрсетті. 1 ақпаннан бері коронавирус жұқтырғандардың жалпы санында вакцина алмаған науқастардың үлес салмағы 97,5 пайыз болған. Ал, вакцина алғандардың үлесі 2,5 ғана. Коронавирус инфекциясын ауыр өткеріп жатқандар бойынша да жағдай осыған ұқсас», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.