Алматының Әуезов ауданында коммуналдық желілерді ауқымды төлқұжаттау және тексеру жұмыстары жүргізіледі
Қала әкімі тұрғындармен кездесті
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Әуезов ауданы Жетісу-2 және Жетісу-3 шағынаудандарының тұрғынымен кездесті. Кездесу барысында көше жарығы, электрмен қамту, абаттандыру және инженерлік желілердің жай-күйіне қатысты мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұрғындар Абай даңғылының бойындағы учаскелердің біріне қосымша жарықтандыру қажет екенін жеткізді. Осыған байланысты Дархан Сатыбалды жауапты мамандарға тиісті тапсырма берді.
– Қазір қала аудандары мен шағынаудандарындағы инженерлік желілерді төлқұжаттау жұмысы қолға алынған. Қай аумақта жөндеу немесе желілерді ауыстыру жұмыстарын бірінші кезекте жүргізу қажет екенін анықтау үшін су, электр және кәріз желілерінің жағдайын тексеріп жатырмыз, – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
Кездесу барысында тұрғындар балалар мен аға буын өкілдеріне арналған қоғамдық кеңістік құруды да ұсынды.
– Осы аумақта балалар алаңы, жаттығу құрылғылары мен демалыс орындары бар жаңа сквер жасау мүмкіндігін қарастырамыз, – деді Дархан Сатыбалды.