2 сәуірден бастап азық-түлік бөлімдерінен басқа ірі сауда нысандарының қызметі тоқтайды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов екі қалада қосымша шектеулер енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2 сәуірден бастап азық-түлік бөлімдерінен басқа ірі сауда нысандарының қызметі тоқтайды. Мейрамханалар, дәмханалар, асханалар онлайн түрде тапсырыс алу, жеткізу режиміне көшеді.
Оның айтуынша, 2 сәуірде сағат 00.00-ден бастап Өскемен мен Семей қалаларына кіру және шығу шектеледі. Сол үшін 15 бақылау-өткізу бекеті орнатылады. Ал азық-түлік тауарлары арнайы «жасыл дәлізбен» жеткізіледі.
Қаланың ішінде күндіз көлік қозғалысы шектелсе, түнде толығымен тоқтайды. Тек қызметтік көліктерге ғана жүруге рұқсат берілді.
«6 сәуірден бастап жеке көлік қозғалысы шектеледі. Күнтізбенің жұп күндері көлік нөмірі нөлді қосқанда, тек жұп санына аяқталғандар, ал тақ күндері көлік нөмірі тақ санға аяқталғандар ғана жүреді», – деді Ахметов өзінің бейнеүндеуінде.