Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты
«Ashyq» жүйесінің көмегімен «қызыл» және «сары» мәртебемен 3 мың 250-ден астам адам анықталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, аталған жүйе қызметтің барлық саласында шамамен 6 мың нысанды қамтыған және 1 млн 400 мың қолданушы тіркелген. Сонымен қатар, Ashyq жүйесі Нұр-Сұлтан мен Алматы әуежайларында қолданыла бастады. Бұдан бөлек Үкіметте санитарлық режимді бұзғандарға әкімшілік шара қолдану ұсынылған еді. Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Осы күнге дейін Қазақстанда 1 миллион 900 мыңға жуық адам екпе қабылдаған. Өңірлер бойынша 1-ші және 2-ші компонентін алғандар саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Мамыр айының басынан бері КВИ жұқтырғандардың саны алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 6 мың адамға төмендеген. Сонымен қатар, бірнеше күнде «қызыл» аймақтағы өңірлердің саны азайып, 6 өңірге қысқарды. Ал, Қазақстан дерттің таралуы бойынша сары аймақта.
«Біріншіден, халықты вакцина алуға ынталандыру үшін түсіндіру жұмыстарын ары қарай арттыруымыз керек. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі, әкімдіктер мұндай жағдайда көпшілікке кәсіби тұрғыдан және жедел түсіндіру жұмыстарын жолға қоюы тиіс. Екіншіден, «Ashyq» жүйесі азаматтар арасында шектеу іс-шараларын өрескел бұзушылардың артып отырғандығын көрсетті. Сол себепті бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі Әділет министрлігімен және Бас прокуратурамен бірге санитарлық режимді бұзушыларға қатысты тиісті әкімшілік шараларды қолдану тетігін пысықтауы қажет», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Статистика кейбір азаматтар үйде оқшаулау режимін сақтамайтынын, халық көп жиналатын нысандарға баруға, ел ішінде қозғалуға тырысатынын көрсеткен. Бір ғана мысал, елорда әуежайында жүйенің көмегімен ПТР-дің оң нәтижесі бар 37 науқас және байланыста болған 37 адам анықталған. Мұндай көңіл құлазытар деректерге қарамастан Үкімет халықты вакцинамен қамтуды жалғастыруда. Мамырдың соңында қосымша «QazVac» пен «Хаят Вак» вакциналары жеткізіледі.
«Бүгінде екпе пункттерінде вакцинаның жеткілікті дозасы бар: шамамен 500 мың бірінші компонент және 750 мың екінші компонент. Вакцинаны жеткізу де кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 14 мамырда Қарағанды фармацевтикалық зауытына «Спутник-V» өндіруге арналған субстанция жеткізілді. Қазіргі уақытта вакцинаның 1,2 млн дозасын кезең-кезеңімен өндіру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, айдың соңына дейін қосымша «QazVac» және «Хаят Вак» вакциналарының жеткізіледі», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Айта кетейік, әлемдік рейтингке сәйкес, Қазақстан коронавируспен ауыру көрсеткіші бойынша 221 елдің ішінде 105-орында, ал өлім-жітім бойынша 106-орында тұр. Өңірлер бойынша инфекциялық төсек-орындардың 36, ал реанимациялық төсек-орындардың 28 пайызы бос емес.
Асылбек Тойбек