Еуропа елдерінде коронавирусты қайта жұқтыру жағдайы тіркеліп жатыр. Бельгия мен Нидерландта қауіпті індетпен ауырған науқастар анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нидерландта иммунитеті төмен егде жастағы ер адам вирусты екінші рет жұқтырған. Бұл туралы осы елдің үкіметіне кеңес беретін вирусолог Марион Копманс мәлімдеді.
Оның айтуынша, вирус геномының зерттеуі мұның аурудың салдары емес, қайта жұғу жағдайы екенін көрсеткен. Ал Бельгияда екінші рет коронавирус жұқтырған науқас алғаш рет COVID-19 індетіне үш ай бұрын шалдығып, аурудан құлан таза айығып шыққан болатын. Бұл туралы вирусолог Марк ван Ранст хабарлады.
Вирустың екінші штаммында 11 мутация анықталған. Еске сала кетейік, осыдан бірер күн бұрын Гонконг университетінің ғалымдары коронавирус инфекциясын қайта жұқтырудың ғылыми расталған алғашқы жағдайын тіркеген еді. Worldometer халықаралық волонтерлер тобының мәліметтерінде көрсетілгендей, пандемия басталғалы әлемде 23 миллион 800 мыңға жуық адам індетке шалдыққан. 817 640 адам вирустан көз жұмды. Ал 16 миллион 300 мың науқас аурудан сауығып шыққан.