Егер бұл әрекеті өлімге апарса, мерзім 5 жылдан 10 жылға дейін ұзартылады
Ақтөбеде коронавируспен ауыратын науқас қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы осы өңірдің Tауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау департаментінің жетекшісі Нұрсұлу Беркімбаева мәлімдеді. Айтуынша, ер азамат өзімен байланыста болған адамдарды жасырғаны үшін жазаланбақ.
«Бүгін және кеше анықталған екі науқаста 2 сәуір күні коронавирус анықталған азаматпен байланыста болған. Бұл фактілерді ол эпидемиологиялық тергеу барысында жасырған. Осы ретте қазір Полиция департаментіне 308-бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін материалдар әзірленуде. Күдіктіге жаза әкімшілік қамау немесе бас бостандығынан екі жылға дейін айыру ретінде тағайындалуы мүмкін. Егер бұл әрекеті өлімге апарса, мерзім 5 жылдан 10 жылға дейін ұзартылады», – деді облыстық Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау департаментінің жетекшісі Нұрсұлу БЕРКІМБАЕВА.
Айта кету керек, науқас эпидемиологиялық тексеру үшін жатқызылған «Айгерим» клиникасы карантинге жабылып отыр. Мекеменің барлық қызметкерлері ақ халаттылардың жіті бақылауында. Бұдан бөлек, шаһардағы тағы бір дүкенді жабу мәселесі қарастырылуда. Бүгін анықталған науқас Жұбанов көшесіндегі «Анвар» дүкеніне жиі барған екен. Қаулы шығарылып, нысан сатушылары үй карантиніне жіберіледі. Науқастар тұрған подъезд де карантинге жабылмақ. Онда 28 адам тұрады. Байланыста болғандар әлі де анықталу үстінде.