Алматы дәрігерлері өкпесі 100% зақымданған науқасты аман алып қалды

inbusiness.kz
inbusiness.kz
Жансақтау бөлімінің бастығы Тимур Райымжанов ол науқас өте ауыр жағдайда түскендіктен мамандар оған әлі де кеңес беріп отырғанны айтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Карантин кезінде қызмет еткен клиникалардың пациенттері есін жиып, өмірін сақтап қалған дәрігерлерге ризашылықтарын білдіре бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Осы уақыт ішінде Алматы қаласы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері ауыр жағдайда ондаған күрделі ота жасады, соның ішінде өкпесі 100% зақымданған науқастарды қалпына келтіру де бар.

Профессор Несіпхан Бектеновтың өкпесінің 96%-ы зақымданған болатын. Профессордың қызы Сабина клиниканың сайтына алғыс хат жазды.

«Әкем ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне түсті. Оның өміріне қауіп төнді, бірақ аурухана дәрігерлерінің кәсіби шеберлігі, адал жұмысы және біліктілігі арқасында әкем аман қалды. Ол бір айға жуық ауруханада жатты, оның 17 күні жансақтау бөлімінде өтті. Мен әкемді бізге қайтарған барлық дәрігерлерге, медбикелерге, кезекшілерге шын жүректен алғыс айтамын», – деп жазды ол.

Жансақтау бөлімінің бастығы Тимур Райымжанов ол науқас өте ауыр жағдайда түскендіктен мамандар оған әлі де кеңес беріп отырғанны айтады.

«Біз оны барлық медициналық персоналдың үйлесімді жұмысының арқасында аман алып қалдық, бұл біздің аурухананың қалыптасқан дәстүрі ғой. Емдеу науқастың жағдайына байланысты үнемі түзетіліп отырды. Біз пациенттерді тәулік бойы бақылап отырамыз, карантиннің ерекше жағдайларына қарамастан, дәрігерлер бірін-бірі алмастырады, медбикелер үнемі бақылау жүргізеді, санитаркалар да көмектеседі, қарқынды терапия кезінде массаж жасау, науқасты аударып отыру, оны жалғыз қалдырмау өте маңызды», – дейді Райымжанов.

Хирургия бөлімінің бастығы Бахтияр Бекешев көп нәрсе медициналық персоналдың жұмысына байланысты болғанымен, пациенттердің өздеріне деген көзқарасы да маңызды  деген ойын білдірді.

«Бұл науқас өте қиын болған күннің өзінде де барынша позитивті көңіл-күйде болды. Біз адамдарды психологиялық тұрғыдан қолдауға тырысамыз, бірақ науқастың бәрі қалпына келу үшін барын салмайды. Несіпхан Бектенов өмір сүргісі келді, сондықтан аман қалды», – дейді Бахтияр Бекешев.

Қазір профессор өз үйінде, оның аман қалатынына тіпті үміттенбеген жақындарының қасында, қалпына келіп жатыр. Толық сауығып кеткеннен кейін оны ол ұзақ жылдар бойы дәріс берген ҚазҰУ-дағы әріптестері мен студенттері күтеді.

Ал Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы бұрынғы жұмыс режиміне оралып, қазір көпсалалы қалалық емхана ретінде жұмыс істейді.

Новости партнеров