Қазақстанда эпидахуал күрделі. Өткен тәулікте елімізде 12,5 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды. Олардың арасында алматылықтардың үлесі көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал елордада ауру жұқтырғандар саны 2124 болса, Қарағандыда 2043 адам індеттің ілмегіне іліккен. Өзге өңірлер мен қалалар «қызыл» аймақта, тек Түркістан облысы бүгін «жасыл» аймаққа өтті.
Көршілес Ресей елінде де эпиадахуал көңіл көншітпейді. Онда балалар арасында коронавирус жұқтырғандар 14 есе артқан. Ауруханаға түскендер саны 40 пайызға артыпты. Ал Данияда керісінше, коронавирусқа қатысты барлық шектеулер жойылды. Ереже 1 ақпаннан бастап күшіне енбек. Алайда бұл елге саяхаттаушылар ПТР сараптаманың теріс нәтижесін көрсетуі тиіс.
«Біз тынысымызды тарылтқан ковид-шектеулердің жойылатынын хабарладық. Енді еркін жүріп-тұрып алатынымызды асқан қуанышпен жеткіземін», - деді Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен.
Ал әлемнің 43 елі қазақстандық «Qazvac» вакцинасын алуға дайын. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді. Ол отандық вакцинаға нақты қандай мемлекеттер қызығушылық танытқанын нақтыламады. Сондай-ақ тиімділігі 92 пайызға дейін бағаланатын отандық екпенің үлкен жетістік екенін атап өтті.