Ashyq жобасы арқылы коронавирус жұқтырған 3,5 мың адам анықталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Айтуынша, жобаға қатысушылардың саны 8 мыңнан асып түскен. Екі аптаның ішінде қолданушылардың саны 1,4 млн адамнан 2 млн адамға дейін жетіпті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Аталған жоба енгізілген сәттен бері ПТР-дың оң нәтижесі бар 3 556 науқас және байланыста болған 3 012 адам анықталды. Бұл статистика, өкінішке қарай, кейбір азаматтардың үйде оқшаулану режимін сақтамайтынын, тұрғындар көп жиналатын нысандарға баруға тырысатынын, ел ішінде жүріп-тұратынын, сол арқылы төңірегіндегілерге жұқтыру қаупін төндіретінін көрсетеді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой .
Бұдан бөлек, Ashyq жобасы көшбасшысы мәртебесін алған қатысушылар жұмыс уақыты мен шарттары бойынша қосымша жеңілдіктер алады. Атап айтқанда, жоба көшбасшылары қызмет түріне байланысты 2 аптаның ішінде нысандағы тіркеу саны бойынша анықталады. Сонымен қатар, Ashyq жобасына туристік сала нысандарын, білім орталықтарын, балаларды сауықтыру ұйымдарын қосу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ретте Премьер-министр Асқар Мамин вакциналау паспортын қосымшаға енгізуді тапсырды. Себебі «қызыл» аймақтардың қысқаруына вакцина алғандар санының артуы оң әсер етіп отыр.
«Бүгінде вакцинаның бірінші компоненті 2,1 млн астам адамға, екінші компонент 1 млн астам адамға егілді. Маусым айында вакцина қорын 2 млн бірінші және 2 млн екінші компонентпен толықтыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Денсаулық сақтау министрі мен әкімдер маусым айында вакциналау қарқынын елеулі түрде арттыру керек. Вакциналау паспортын Ashyq қосымшасына енгізу керек», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.