«Омикрон» штамының мутацияға ұшыраған қауіпті түрі пайда болды

07.02.2022 21:11

«Стелс» деп аталатын өте жұқпалы жаңа вирустың басты ерекшелігі – оны ПТР тестілеу арқылы анықтау қиын

Фото: iStock

«Омикрон» штамы мутацияға ұшырап, оның қауіпті түрі пайда болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Стелс» деп аталатын өте жұқпалы жаңа вирустың басты ерекшелігі – оны ПТР тестілеу арқылы анықтау қиын. Қазір бұл штамм Ресейде анықталып, сырқаттанғандар бойынша антирекорд орнап жатыр.

Дегенмен дәрігерлер бұл вирусты жұқтырғандардың ауруы жеңіл өтіп жатқанын айтады. Сондықтан көрші елде 6 ақпаннан бастап науқастарды ауруханада қабылдау ережесі өзгерді. Енді коронавирусқа шалдыққан адам стационарда 1 апта ем қабылдап, кейін үйіне қайта беруіне рұқсат. Сондай-ақ мектептер мен балабақшаларда вирусқа шалдыққан балалардың үлесі 20 пайыз болғанда ғана сынып карантинге жабылады.  

«Омикрон» штамынан туындаған коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастарда ауру ағымы жеңіл өтеді. Дегенмен, ауруханаға түсіп жатқан науқастар көбейіп кетті. Ал жансақтау бөлімінде бос орын жоқ. Бұл ретте жансақтау бөлімінде жатқандардың 100 пайызы екпе алмаған пациенттер екенін айта кеткен жөн», - деді жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ольга Смирнова(Нижний Новгород).  

Ал елімізде коронавирус жұқтырған науқастардың азайғаны байқалады. Соңғы тәулікте барлығы 3653 адам сырқаттанды. Бірақ Алматыда әлі де COVID-19-ға шалдыққандар қатары азаймай тұр.  Мегаполисте бір күнде 1146 адам тіркелді. Ал Түркістан облысында бұл көрсеткіш 14 адамға жеткен. «Қызыл» аймақта 12 өңір орналасқан. Жамбыл облысы «сары» аймақта, Шымкент қаласы мен Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары «жасыл» аймақта тұр.