Сарапшылардың айтуынша, пандемия 3 жылдың ішінде 7 миллион адамның өмірін қиған
Коронавирус инфекциясы толық жойылмайды. Ол адамдарда кездесетін түрлі аурулар секілді қалып қояды. Сондықтан вируспен өмір сүруді үйрену қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары осындай байламға келді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сарапшылардың айтуынша, пандемия 3 жылдың ішінде 7 миллион адамның өмірін қиған. Оның 2 миллионы еуропалықтар екен. Ал қазір КОВИД-19 мутацияланғандықтан індет жұқтырғандар ұзақ уақыт ауырып жатыр. Тіпті өлім жағдайлары да азаймай тұр. Бұл ретте науқастарға вакцинаның үшінші мөлшерін алуға кеңес беру қиынға соғуда,- дейді шетелдік дәрігерлер.
«Миллиондаған еуропалықтар коронавируспен ауырып, жазылды. Әлі де сырқаттанып жүргендері бар. Бұл – ковидтің ұзаққа созылатын түрі. Бірақ, әзірге нақты қанша адамда осы симптом бар екені белгісіз. Сондықтан бұл өте маңызды мәселе және назардан тыс қалмайды. Вакцина ғана індеттің қарқынын төмендетуге көмектесті. Алайда вирустың жойылмайтыны анық», – деді Денсаулық сақтау саласының сарапшысы Джеффри Лазарус.
Ал елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақты болғанымен, соңғы тәулікте көрсеткіш күрт өсіп отыр. Кеше коронавирусты жұқтырғандар саны 22 болса, бүгін науқастар қатары екі есеге артып, 46-ға жетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, 8 адамның жағдайы ауыр.