Коронавирус инфекциясымен күрес жүргізудің жоғары бағасын алған Оңтүстік Кореяда қоғамдық жерлерде маска тақпаған адамдар енді 100 000 вона немесе 90 доллар көлемінде айыппұл төлейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жаңа талап 13 қарашадан бастап енгізіледі. Бұл ең алдымен маска тақпауды таңдаған немесе оны дұрыс тақпағандарға қатысты болмақ. Масканы міндетті түрде тағудан 14 жастан кіші балалар мен масканы өздігінен таға алмайтын денсаулығында проблемалары бар адамдар босатылған. Сондай-ақ, кейбір жағдайда, дәлірек айтқанда тамақ немесе су ішу кезінде, бассейн немесе хауыз ішінде жүргенде, сондай-ақ идентификация кезінде маска режимін сақтау міндетті емес екені айтылды. Саябақ, велосипед тебу және тауға өрмелеу кезінде 2 метр қашықтықтың сақталуы жағдайында маска тағу міндетті емес.