Коронавирус: Қазақстандық кәсіпкерлер 28 мың жұмысшыны қысқартты

21.07.2020 19:47

Ұлттық палата пандемиядан қиыншылық көрген бизнесмендер арасында сауалнама жүргізген

egemen.kz

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бизнестің қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанқа сілтеме жасап.

Айтуынша, ұлттық палата пандемиядан қиыншылық көрген бизнесмендер арасында сауалнама жүргізген. Оған 29 мыңнан астам кәсіпкер қатысты.

«29 мыңнан астам кәсіпкердің қол астында 193 мың адам жұмыс істейді. Карантинге байланысты қазір олардың 14%-і, яғни 28 мың адамы қысқартылды. 34 мыңнан астамы, яғни 17,5%-і мәжбүрлі демалысқа жіберілді»,– деді Мырзахметов үкімет отырысында.

Жұмысшылардың ең көбі Шымкент пен Алматы қалаларында, Түркістан және Маңғыстау облыстарында қысқарған. Ал жалақысыз еңбек демалысына жіберілгендердің дені Алматы, Шымкент қалалары, сондай-ақ, Түркістан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр.

Ол індеттен, негізінен, халыққа қызмет көрсету, сауда салаларында істейтін кәсіпкерлер қиындық көргенін атап өтті.

Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 19%-і сұраныстың төмендегенін алға тартса, 22%-і кредитін төлеуге ақша таппай отыр. Ал 19%-і салығын төлей алмай жатқанын айтқан.

«Сондықтан мәселе өте күрделі. Барлық өңірді осы мәселені шешуге шақырамыз. Негізгі міндет сұранысты арттыру және несиелеу»,– деді ол.