Әлемде COVID-19 пандемиясы соңына жақындады – вирусологтар

03.03.2022 19:48

Індет жұқтырған науқастар қатары азайғанымен, сырқаттану, өлім-жітім жойылмайды

Almaty.tv

Әлемде COVID-19 пандемиясы соңына жақындады. Бұлай деп Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері, вирусолог Анатолий Альтштейн болжап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

                                                                       

Профессордың мәлімдеуінше, бұдан кейін коронавирус пандемиясы болмайды және науқастар қатары ақырындап азая береді. Бірақ сырқаттану, өлім-жітім жойылмайды екен. Енді тек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пандемияны тоқтату туралы шешім шығаруы қалды дейді.

«Адамзатта вирусты тежейтін ұжымдық иммунитет қалыптасты дей аламыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия аяқталды деп хабарласа болды. Бұл аурудың төмендеуіне және толқындардың тоқтауына ықпал етеді. Індет жоғалып кетпейді, бірақ қарқыны бәсеңдейді», - деді Н.Ф. Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының вирусологы Анатолий Альтштейн.

Елімізде де эпидахуал жақсарып, науқастар қатары айтарлықтай азайып келеді. Соңғы тәулікте барлығы 253 адам вирусқа шалдығыпты. Соның ішінде бұған дейін көш бастап келген Алматы қаласында да жұғу дерегі азайды. Кеше мегаполисте 80 адамның сырқаттанғаны белгілі болды. Ал бүгін барлық өңір «жасыл» аймаққа өтті. 

Осыған байланысты елімізде бірқатар шектеулер жеңілдей бастады. Науқаспен байланыста болған, бірақ ауру белгісі жоқ азаматтар оқшауланбайды. Сонымен қатар мектептерде вирус жұқтырған балалар аз болса, сынып карантинге жабылмайды.