Алматы қаласында қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты 74 ұйым, 20 республикалық ұйым және 93 жеке меншік нысанындағы ұйым жұмыс істейді
Алматыда пандемияның жаңа толқыны жағдайында медицина кадрларынан резерв құрылды. Осы туралы және медициналық ЖОО-ның 450 оқытушысы, резиденттер мен дәрігерлерден резерв құрылғаны жөнінде Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында Жоғары медициналық колледждің директоры Светлана Сұлтанғазиева айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Коронавирус инфекциясының таралуы нәтижесінде пайда болған пандемия жағдайында денсаулық сақтау жүйесін дамытудың барлық бағыттары бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
«Уақтылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, клиникалардың материалдық- техникалық жабдықталуы, инфекциялық төсек-орындарды ұлғайту және т. б. әлеуметтік-экономикалық мәселелерден басқа, денсаулық сақтау ұйымдарын медицина кадрларымен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді», – деді ол.
Алматы қаласында қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты 74 ұйым, 20 республикалық ұйым және 93 жеке меншік нысанындағы ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 38 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.
Медициналық кадрлармен қамтамасыз етуді талдау кезінде, 2020 жылғы 01 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19 емдеуге 27 Денсаулық сақтау ұйымы жұмылдырылып, 6200-ға жуық төсек-орын орналастырылғаны анықталды. Сол кезде инфекциялық стационарларда 4035 қызметкер еңбек етті.
Эпидемиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты көпсалалы клиникалар қалыпты режимге көшті. Короновирус инфекциясы бар жұқпалы клиникаларда 100-ден астам науқас бар, 400-ге жуық дәрігер және мейіргерлер мен кіші медициналық персоналдар штаттық режимде.
«Жаңа толқын» жағдайында 5500-ге жуық медициналық кадрлар резервте тұр. Медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, резиденттері мен дәрігер интерндерінен резерв қалыптастырылды, олардың саны 450-ге жуық», – деп хабарлады Светлана Сұлтанғазиева.