Бүгінгі күні емдеуден шығарылған науқастар жоқ
Ол жайлы қалалық әкімшілікте өткен онлайн брифингте Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спикер қазіргі кезде жұқпалы аурулар стационарларында 99 науқас Covid-19-дан емделіп жатқандығын, оның ішінде төртеуі – балалар екендігін айтты.
Осы уақытқа дейін коронавирустық инфекцияны жұқтырудың жаңа үш жағдайы анықталып отыр. Олардың бәрі осы инфекциямен ауырған науқастармен байланыста болып жұқтырған.
Олардың біреуі 1975 жылы туылған ер адам болса, қалғандары 1962 және 1964 жылы туылған әйелдер.
Ер адамның жай-күйі орташа деңгейде ауыр деп бағалануда, тексеріп-қарау кезінде одан пневмония анықталған. Ал әйелдердің жай-күйі – қанағаттанарлық, яғни ауру ағымының жеңіл түрі екені белгілі болды.
Бұлармен байланыста болған барлық адамдар карантинге жатқызылды.
Бүгінгі күні емдеуден шығарылған науқастар жоқ.
Айта кетейік, мегаполисте коронавирустан емделіп шыққандардың жалпы саны – 21 адам.
Ал 80 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық, 2 ересек адамның жағдайы өте ауыр болса, 4 науқастың халі – ауыр, 13 ересек адамның жай-күйі орташа ауырлық деңгейде, араларында бір облыс тұрғыны бар.
Провизорлық орталықтарда қазір 318 адам болса, олардың 35-і балалар.
Тек кеше ғана осы провизорлық орталықтардан 203 адам емдеуден шығарылды. Олардың 44-і балалар. Бұлардың барлығы 14 күндік карантинде болып, инфекция жұқтырмағандығы анықталып, ауруханадан шығарылды.
Ескерте кетейік, карантиндік оқшаулауда қазір 385 азамат бар, оның ішінде 39-ы балалар, ал үй карантинінде — 5144 адам отыр.